Төтенше жағдай режимі кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға әлеуметтік көмек ретінде берілген 42 500 теңге енді берілмейді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтты.
«42 500 теңге енді төленбейді. Оны жоспарлап та отырған жоқпыз. 42 500 әлеуметтік төлеміне бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін сату есебінен түскен қаражат пайдаланылған болатын. Бұл тұрғыда бізге Ұлттық банк көп көмегін көрсетті. Ол қор активтерін сату, қаржы құралдарын жабу арқылы қажетті ақша қаражатын босатып берді. Соның арқасында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 322 млрд теңге активін жұмсап, 4 млн 607 мың адам 42 500 теңгеден алды», - дей келе министр бүгінгі күні Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржылық мүмкіндігі шектеліп отырғанын айтты.