Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасында медицина қызметкерлері күніне орайластырылған шара өтті.
Денсаулық саласының дамуына елеулі үлес қосқан сала мамандарына алғыс хаттар мен ведомстволық наградалар табыс етілді. Атап айтқанда Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы табысталды.
Халық денсаулығы - еліміздің стратегиялық мақсаттарға жетудегі табысының ажырамас бір бөлігі. Кез келген мемлекеттің басты қазынасы - адам. Ал тұрақтылық пен гүлденуі - оның денсаулығы. Сондықтан, денсаулық сақтау жүйесінің басты мақсаты - сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсету.
Облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Бекболатұлы және өңірдің бас дәрігері Жамал Жаманбаева денсаулық сақтау саласында аянбай қызмет етіп жүрген медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ақ халатты абзал жандар бір – біріне жылы лебіздерін білдірді, ал конференц-залдың ауасы гүлдердің хош иісіне толы болды.
«Бұл біздің кәсіби мерекеміз. Жалпы жылда кең көлемде тойлаушы едік, алайда қазіргі «Covid-19» індетін дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялаған соң, бұрынғыша барлығының басын босып тойлау мүмкін болмай отыр. Алайда ақ халатты абзал жандардың еңбектерін елемеуге тағы болмайды, сол себепті биыл медициналық ұйымдарға аяқтай барып, әріптестерімізді жұмыс орындарында құттықтап шықтық және кейбір қызметкерлерді өзіміздің басқармаға шақырып олардың еңбектерін атап өткен болатынбыз», дейді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева.
Қазіргі таңда Маңғыстау өңірінде коронавирус инфекциясына қарсы 1054 медицина қызметкері жұмысқа тартылған. Жалпы облыс бойынша медициналық ұйымдарда барлығы 8600 ақ халатты абзал жандар жұмыс істейді. Дәрігерлер саны 1900 болса оның 400-ге жуығы жекеменшік мекемелерде қызмет етеді, ал медбикелер саны 5700, кіші медицина персоналының саны 1342 құрайды.