Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте МО сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Рзаханов мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 11 маусымдағы жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау 2020 жылдың 12 тамызына тағайындалды. Осыған байланысты Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясы өзінің жұмысын бекітілген календарлық кестеге сәйкес жүргізуде. Заң талабына сәйкес жарлық шыққаннан кейін келесі күні өтініш қабылдау басталды. Қазіргі жағдайда Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясына 5 өтініш түскен болатын, олар:
«Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамның бірінші вице-президенті Сүйіндік Тасеменұлы Алдашевтан, «Азаматтарға арналған үкімет» Маңғыстау облысы бойынша филиалының директоры Ербол Бердібайұлы Байжігіттен, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының экономика және қаржы бойынша орынбасары Шолпан Лазарқызы Илмұханбетовадан, «Арнайы экономикалық аймақ «Ақтау теңіз порты» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Бекбол Тілеумұратұлы Орынбасаровтан және «МЦК и ВБ Archimed» ЖШС директоры Нұрлан Серікұлы Тілеповтан түскен.
"Қазіргі жағдайда біздер осы өтініштерді қабылдап, оларды заң талаптарына сәйкес таңдаушылардың кандидаттарды қолдау жөнінде парақшалары таратылды. Оны бекітілген тізім бойынша тіркелген сенімді өкілдері таңдаушылардың қолдарын жинап бізге тапсырды. Біз оларды облыстық ішкі істер басқармасының қызметкерлерімен бірлесе отырып тексеріп және басқа да заң талаптарына сай құжаттарды түгелденгеннен кейін, қазіргі күнде осы азаматтардың үшеуі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат болып тіркеліп, оларға куәліктері тапсырылды", деді ол.
"Олар Сүйіндік Тасеменұлы Алдашев, Ербол Бердібайұлы Байжігіт және Нұрлан Серікұлы Тілепов. Қазіргі жағдайда облыстық сайлау комиссиясы өзінің кестесіне сәйкес жұмыстарын жалғастыруда, басқа өтініш білдіретін азаматтар болса, олардың құжаттары жиналғаннан кейін, тексерілгеннен кейін оларды тіркеу жөнінде шешім қабылданады. Сонымен бірге айтып кететін мәселе, таңдаушылар болып біздің облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары табылады, Негізінде бекітілген тізім бойынша біздің облысымызда 115 депутат болатын болса, оның қазіргі жағдайда 105 бар, сондықтан аудандық, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары таңдаушылар болып бекітіледі және олардың тізімі облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, өз кезегінде ол азаматтар 12 тамыз күні дауыс беретін болады", деді Асқар Рзаханов.