Ардақты ағайын, құрметті жерлестер!
Өткен ғасырдың басында халқымыз зымиян зұлмат зобалаңын бастан өткерді. Аштық пен саяси репрессия, ашөзек қуғын-сүргін Алаш арыстарын қынадай қырды. Халқымыздың өсімі мен өркен жаюын тежеді, ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерін басып-жаншыды. Ұлт қаймақтары өз жерінде халық жауы атанып, кінәсіз сотталды, жазықсыз атылды. Солақай саясат сойқаны, сұм заман қасіреті қазақ ұлтының қалыптасу тарихындағы қаралы таңбадай ел мен ұрпақ жадынан еш өшпек емес.
Елбасының 1997 жылғы Жарлығымен 31 мамыр күні – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланған болатын.
Сол құрбандардың арасында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов сынды қазақ халқының бетке ұстар перзенттері, интелегенция өкілдері мен алаштың арыстары құрбан болды.
Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында миллиондаған кеңес азаматтары репрессияға ұшырады. 1936-1938 жылдары Республика бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңы ату жазасына кесілген.
Сонымен қатар, біз бұл күні 1932-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тек Қазақстанды ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық миллиондаған жанның өмірін жалмады. Оның ішінде нәубет жылдары Қазақстаннан 1,5 миллион адам аштықтан ажал құшты.
Бұл қасіретті жылдар Маңғыстау жұртын айналып өтпеді. Түбек халқына да ауыр тиді.
Ресми деректер бойынша өңірімізде 1929 жылдың басында 35 мың тұрғын, 1,5 миллиондай мал басы бар еді. Ал, 1939 жылдың соңында өлкемізде бар жоғы 26 мың адам, 25 мыңға жетер-жетпес мал қалған. Қаншама отбасылардың оты сөніп, аналар жесір, балалар жетім қалды.
Сол кезеңдерде туған елінің еркіндігі жолында күрескен Жалау Мыңбаев, Тобанияз Әлниязұлы, Алшын Меңдалиев, Жөке Шабаев, Нұрсұлтан Оңғалбаев, Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы, Зұлқаш Баймырзаев сияқты тұлғалы азаматтарымыз тоталитарлық режимнің құрбаны болды.
Қазақ Автономиясы Орталық Атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған мемлекет қайраткері, жерлесіміз Жалау Мыңбаев еліміз үшін биік тұлға. Ол Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұловтармен бірге ұлтты біріктіруді, мемлекет дәрежесіне көтеруді мүдде еткен болатын.
Олардың бүгінде аты ақталып, есімдері мен ерліктері ұрпақтарының санасында мәңгілік жаңғырып, тарихта қалды!
Ашық аспан астындағы бейбіт өміріміз бен Көк Туымыздың желбірегені ел үшін тәуекелге басын тіккен ата-бабаларымыздың еңбегінің жемісі мен нәтижесі. Осы азаттықты армандап, Қазақстанның бүгінгідей ел болып қалыптасуына үлес қосқан, тәуелсіздікті аңсаған бабалар рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтарының азаматтық парызы!
Есімдерін әрдайым жадымызда сақтап, өткенге салауат ету – әрқайсымыздың қасиетті борышымыз!
Қадірлі жерлестер!
Тарихымызға өшпес із қалдырған бұл жылдардың көрінісін өткенімізге салауат, бүгінімізге қанағат ету үшін жадымыздан шығармауға тиіспіз!
Бірлігі мен берекесі жарасқан Тәуелсіз Қазақстанның болашағы баянды, келешегі кемелді болсын!
Бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын!
Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов