1 маусымнан бастап Маңғыстау теміржол станциясынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау және Бейнеу бағыттары бойынша жолаушылар пойызы жүре бастайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz МО қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау теміржол вокзалының бастығы Алма Айымқұлованың айтуынша, теміржол билеттері 15 мамырдан бастап кезең-кезеңімен сатылымға шығады. Ертеңнен бастап 1 маусымда Маңғыстау станциясынан күн сайын жүретін №309/310 «Маңғыстау – Ақтөбе» пойызына, ал 2 маусымнан бастап жұп күндері жүретін №37/38 «Маңғыстау – Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол» пойызына билеттер сатыла бастайды деп жоспарланып отыр.
«Аймақта карантин тәртібі енгізілгенге дейін билет сатып алып, кейін тапсыруға үлгермей қалған тұрғындар бізге аяқтай келіп те, телефон шалып та жиі хабарласып жатыр. Осы ретте айтарым: белгілі бір себептермен жолға шыға алмай қалған жолаушылардың 6 айға дейінгі уақытта өз билетін кассаға тапсыруына болады. Жол жүру құжатының құны толық көлемде қайтарылады» - дейді А.Айымқұлова.
1 маусымда Маңғыстау станциясынан «Маңғыстау – Ақтөбе» пойызы, 2 маусымда «Маңғыстау – Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол» пойыздары жолға шығады. Ал, қалған жолаушылар пойыздарының жүру қозғалысы туралы ақпарат алдағы уақытта қосымша хабарланады. Қауіпсіздік шаралары теміржол вокзалы мен қатар жолаушылар пойызында да қатаң сақталады. Залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
«Адамдардың көп шоғырлануына байланысты вокзал ішінде және сыртында 1 метр арақашықтықты сақтап тұрулары маңызды. Осы мақсатта бір-бірнен алшақ тұруы үшін жерге арнайы белгілер қойылады», - дейді Маңғыстау теміржол вокзалының бастығы Алма Айымқұлова.