Бұл туралы Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация орталығы хабарлады.
11 мамыр күні «WhatsApp» әлеуметтік желіде жәбірленуші және қылмыс жасаған күдікті туралы анық-қанығы белгісіз мәліметтер тарап кетті.
Ал 12 мамырда аймақтық полиция департаменті ҚР қылмыстық Кодексінің 147-ші бабы 5-ші бөлігімен тергеп-тексеруді бастады. Заңның осы бабымен белгісіз тұлғалардың жеке өмiрге қолсұғушылық жасауы бойынша іс қозғалған.
«Өздеріңізге мәлім, әлеуметтік желіде кәмелетке толмаған қыз баланы зорлау туралы жалған мәліметтер таралуда. Бұл дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ол үшін заңмен 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жалған ақпарат таратқан тұлғаны анықтауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған қылмыстық іс департамент басшылығының бақылауында. Өзге де ақпарат ҚР қылмыстық-процестік Кодексінің 201-ші бабына сәйкес тергеу аяқталғанша жарияланбайды», дейді облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Амангелді Досжанов.
Амангелді Асқарұлының айтуынша, әлеуметтік желілерде заңсыз наразылық акцияларын өткізуге шақырулар таратылуда.
«Кеше, яғни 12 мамырда 5-ші шағынаудан №4-ші үй жанына бір топ жас әлеуметтік желіден естіп-білген қылмыс дерегінің мән-жайын анықтау үшін жиналып, өздерінің азаматтық пікірлерін білдіргісі келген. Олар Ақтау қаласының полиция басқармасына жеткізіліп, профилактикалық сұхбат жүргізілді. Бұдан соң барлығы да үйіне жіберілді. Осы орайда тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге және қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған арандату әрекеттеріне бой алдырмауын сұраймыз», дейді А.Досжанов.
Айта кетейік, елімізде ұлттық араздықты қоздыру және көрінеу жалған ақпарат таратуға жария түрде шақыруға заңмен тыйым салынған.
Мұндай әрекеттерге бой алдырғандар қылмыстық Кодекстің 174-ші және 274-ші баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады.