7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Қамқа Үмбеталиқызын Маңғыстау облысының депутаттары Аббат Өрісбаев және Абзал Меңдібаев құттықтады. Nur Otan партиясының Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек мырзаның атынан арнайы құттықтауды жеткізді.
Ардагерлердің ерлігі мен еңбектегі қайтпас қажыр-қайраты жас ұрпақ санасынан әрқашан орын табуы керек. Қамқа апамызды және барша қадірлі ардагерлерімізді қос мерекемен құттықтаймыз. Отанымыз тыныш, еліміз аман болсын, - деді А.Өрісбаев және А. Меңдібаев
Бүгінде өнегелі қарттың өмірі мен еңбек жолы жас ұрпаққа үлгі болып келеді. Әскери қызметтен босағаннан кейін мұнай өнеркәсібінде еңбек еткен Қамқа апа «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген геолог-барлаушысы», «Жер қойнауын барлау үздігі», «Қазақстан Республикасының дербес зейнеткері» атанды.
Қамқа Үмбеталиқызы 1923 жылы 15-қыркүйекте дүниеге келіп, 1942 жылы әскерге шақырылған. Соғыс біткенше 1-Қиыр Шығыс майданының 9-Әуе Армиясында әскери қызметте болған. Үздік әскери іс-қимылдары үшін Қамқа апа қызмет еткен авиаполктің барлық құрамына Жоғарғы Бас Қолбасшы И.С.Сталиннің бұйрығымен алғыс жарияланған.
Қазақтың қайсар қызы 1945 жылы Жапониямен болған соғыста әскери ұшуларға қатысып, ерліктері үшін Отан соғысы орденімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков» және мерейтойлық медальдарымен марапатталған.
Атаулы күнді және Жеңістің 75 жыл мерейтойын бір сәтке ескерусіз қалдырмаған Nur Otan партия мүшелері А. Өрісбаев пен А. Меңдібаевқа Батыр Қамқа апамыз өз ризашылығын білдірді.