Жақында Ұлы Отан соғысындағы тарихта теңдесі жоқ Жеңіске 75 жыл толғалы отыр. 1941 жылғы ел басына алапат соғыс қатері төнген сәттен бастап, «Атаңның адал батасы мен анаңның ақ сүтін ақтау қандай өмірлік парыз болса, туған Отанды қорғау да алғашқыдан еш кем түспес міндет» дегенді ұран тұтқан мыңдаған жандар майданға аттанды. Алдарында не күтіп тұрғанымен олардың шаруасы болған жоқ!..
Біз бүгінде фашистермен болған сол қанды қырғында жер жастанған боздақтарды, олардың ерліктерін еске аламыз. Көрер жарығының арқасында майданнан тірі оралған азаматтардың ұрпаққа жеткізген ұлағатты да патриоттық сөздерін жадымызда сақтаудамыз.
Жер бетін жұқпалы індеттің жаппай жайлауына байланысты соғыс ардагерлеріне арналған биылғы саяси, мәдени-көпшілік шаралар кейінге қалдырылып отыр. Әрине, бұның Жеңіске деген немқұрайылық емес екендігі анық. Керісінше осы қастерлі ұғымға құрмет арта түседі, Отан қорғау жолында қаза болғандар рухына тағзым да еш толастамайды.
Мен осы ұлы мерекеге орай әкем, Ұлы Отан соғысының ардагері Еңсегенов Нұрғазының күнделігі негізінде баспаға дайындалған «Қоңыр дәптер» атты мемуарынан Жеңіске қатысты үзіндіні сүйікті газетіме жолдап отырмын.
... 1945 жылдың мамыр айының басында Чехословакияның Брно қаласының маңында немістер со- вет әскерлеріне қатты қарсыласып бақты. Біздің жақ шабуылдың алдында фашистердің алғы шебін ауыр зеңбіректерден қоймай атқылады. Жау біраз шегінгендей болды, бірақ берілмеді...
... 8 мамыр күні кешке 456-шы минометтік полкке қарасты 414-дивизионның бірнеше зеңбірегі екі трофейлік мәшинаға тіркелген күйінде ілгері қозғалып кеткен. Замполит Машан, штаб бастығы Цебоев пен байланыс командирі (еврей жігіті) үшеуі менің радиостанциямнан бір хабарды неміс тілінде тыңдады да «Бір маңызды хабар болады. Сержант Еңсегенов, сен радиотолқында бол!» деп, біздерді бір сағаттай кідіртті.
Күткен хабарды тыңдап болғаннан кейін Лядич деген теміржол стансасына бет алдық. Жолда «Совет Үкіметі Германияға ультиматум қойды. Германия өкіметі атынан Кейтель жауап беретін болды...» деп жаңалық айтып келе жатқанда, көлігіміз американдық «Додж» бір адырлы жерге батты да қалды. Штаб бастығы мені ертіп, ілгері жүрді. Екеуміз оңаша тұрған үш қабат мектепке келдік. Ішке енсек, төменгі екі қабатта біздің жауынгерлерден «аяқ басар» орын жоқ екен. Бір бөлмеге кіріп едік, іші толы ұйықтап жатқан солдаттар. Бұрышта бір жазу столы бос тұр екен. Майор Цебоев рацияны соның үстіне орнатып, дивизион командирімен байланыс орнатуға бұйрық берді. Мен рацияны толқынға сәйкестендіре бастағанмын. Кенет іргеде жатқан бір лейтенант оянып кетті де: «Сержант, саған мұнда кіруге кім рұқсат берді? Кет бұл жерден!» деп, дүрсе қоя берді. Майорым «Штабпен қалай да байланыс жасау қажет» деп араша түсіп, қысқасы екеуі өжеңдесіп кетті.
Осы уақытта рацияны қосып қап ем, барлық толқыннан Совет информбюросының Германияның капитуляциясы жөніндегі хабары беріліп жатыр екен.
Бұл 1945 жылдың 9 мамырына қараған түнгі сағат бірдің шамасы еді. Жарда тұрған динамикке рацияны қосып қап едім, «Жеңіс! Жеңіс!» деген сөз «саңқ» ете қалды! Ұйқыдағы солдаттар орындарынан атып–атып тұрды! Манағы керісіп жатқан екі офицерім құшақтасып жатты!
Майор Цебоев артта батып қалған мәшинадағы замполит Машанға хабар айтуға жүгірді. Іштегілердің бәрі далаға қарай тартты. Кішкенеден кейі мектеп ғимаратының ішінде менен басқа ешкім қалмады. Сөйтіп Жеңіс сағатының соққандығын естіп, тапқанымызды ішіп, таңды көз іліндірмей атырдық...
Ертеңіне дивизион командирінің өзі келіп, бізді ілгері алып жүрді. Алайда ұлы жолға, яғни негізгі трассаға шығу қиын болды. Ол күні жаяу әскер көрінбеді. Бәрі танктерге, зеңбіректерге отырған, машиналарға мінген. Аттылары және бар. Бір сөзбен Совет әскерлерінің «тығыны ағытылғандай» болды! Аспанда советтік және американдық «Бостон» маркалы самолеттер қырық–елуден ұша бастады…
… Ішінара немістің кейбір танкі мен зеңбіректерінен оқ ату әрекеті кездесіп отырды. Бірақ оларды 76-миллиметрлік зеңбіректен ашық жерде «тікелей көздеу» жолымен жойып жіберіп жатты…
… Біздің алдымызда Чернер деген генерал бір де бір атысты тоқтатуға бұйрық бермепті. Сонда да немістер жолдың қапталына мылтықтарын «пирамида» етіп үйіп қойып, тұтқынға беріле бастады…
… 1945 жылдың 14 мамыры күні алдымыздан 1–інші Украин фронтының танктері шықты. «Соғыс бітті!» деп, уралап мәз болып жатырмыз..
... Кішкенеден соң ілгері жүретін болдық. Командиріміз біздерді бағыттас бара жатқан Т-34 танкіне отыруға коман- да берді. Мен бұрын ол көлікке отырып көрмегенмін, рациямды жайғастырамын дегенде байқамай сол қолыммен глушительді ұстап қалдым. Баж ете түстім, сөйтсем, алақаным кәдімгідей күйіп қапты. Қасымыздағы медсестра тез май жағып, таңып берді. Қаруластарым әңгімені әр саққа жүгіртіп, әзілдеп жатыр ғой...
Командирім жымиды да қойды... Бұл майдандағы төрт жылдан астам уақытымдағы есте қалған ең соңғы оқиға еді..
... «Ставкадан арнайы тапсырма болады. Оған дейін тынығыңдар» деген команда болды..
Жауынгерлердің бәрі «анадан қайтадан туып», енді есін жиғандай соғыс атты зұлматқа жаппай лағнет айтуда. Үрей басым болса да ертеңіне үмітпен жеткен күндеріне риза! Барлығы да «Әр таң өз сүйіншісін ала келсін» деген ниетте.
Шалқыған әуен! Әрине, негізінен майдан әндері «Священная война», «Солдатский вальс», «Идет война народная», «Вечер на рейде», «Темная ночь», «Смуглянка», «Бьется в темной печурке огонь»...
Міне, адамзат үшін баға жетпес Ұлы Жеңістің қуанышы осындай болды.
Серік ЕҢСЕГЕНОВ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері