Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімі бастаған жұмыс тобы Маңғыстаудағы ең ірі азық-түлік сақтайтын қойма «Азерсун» логистика және өндіріс орталығына барды. Ғимарат арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Аумағы 10 мың шаршы метр мұнда жүк көліктері және темір жол арқылы тасымал жүргізуге толық мүмкіндік бар.
Ал, қойманың өзі голландтық технологиямен жабдықталған. Нысан екі бөліктен тұрады. Бір жағында құрғақ өнім сақталса, салқындату және мұздату арқылы да сақтау қарастырылған. Бүгінде қоймада 1108 тн ұн, 412 тн қант, 277 тн күріш, 94 тн макарон, 362 тн сұйық май, 266 тн құс еті, 25 тн сүт, 400 000 дана жұмыртқа бар. Бұдан бөлек жалпы тұрақтандыру қорына 2700 тн-дан аса азық-түлік жинақтау жоспарланған. Қазіргі кезде 1068 тн азық-түлік қоймада жинақтаулы тұр (займ бойынша 380 млн теңгенің айналымдағы азық-түлікті есептемегенде).