Вирустық эпидемия уақытында әлеуметтік маңыздағы азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру мәселесі күн тәртібінде тұр.
Осы мақсатта аймаққа азық-түлік жеткізуге келісім-шарттар жасақталған. Мұндай келісімдер тауар өндірушілер мен көтерме сауда бәсімен жеткізушілерге несие қаржы беру үшін де жасалған. Бұл жөнінде өңірлік ҚКО өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов мәлімдеді.
«Қазіргі таңда астық қоры 600 тоннаны құрайды. Ұн қоры 574 тонна. Бағаны тұрақтандыру тетіктерін жүзеге асыру мақсатында 9 кәсіпкерлік субъектілері белгіленді. Олар несие қаражатқа тауар сатып алып, көтерме бәсімен аймаққа жеткізеді. Яғни бұл ақша азық-түлік әкеліп, сатылуы үшін берілуде. Бүгінгі күні 275 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде 644 картофель, 120 тонна сәбіз, 182 тонна жуа, 150 тонна капуста, 20 тонна сұйық май, 37 тонна қант пен 20 тонна сары май жеткізілді. Бұдан бөлек, тұрақты түрде ұн, майлығы 2,5 пайыздық сүт, ұн өнімдері, құс еті мен жұмыртқасы, күріш жеткізіліп отыр. Кәсіпкерлік субъектілерге несие қаржы беруден басқа азық-түлік бағасын тұрақтандырумен де айналысып келеміз. Оған 683 млн теңге бөлініп, тағы 566 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Қазір біздегі қоймада 266 құс еті, 20 тонна ұн, бес-бес тоннадан күріш пен тұз, 5 мың литр сүт, 5 тонна сиыр еті, 200 мың дана жұмыртқа, 5 мың литр өсімдік майы, 10 тонна ұн өнімдері, 2 тонна қант бар. Сондай-ақ 884 тонна ұн, 39 тонна қант, 5 тонна сүт, бес-бес тоннадан тұз бен сиыр еті жолда келе жатыр. Күні кеше қосымша өсімдік майы мен ұн өнімдерін сатып алуға шешім қабылданды» - дейді Б.Қашақов.