Ардақты ағайын, құрметті жерлестер!
Таралуы өте тез кеселдің саны сағат сайын артып барады. Өкіншітісі, енді міне, елді-мекендерге де жетті. Екі күн бұрын Жаңаөзен қаласында тіркелсе, бүгін Маңғыстау ауданында тағы екі азаматымыздан анықталды.
Бұл – жағдай айтарлықтай күрделі деген сөз. Алайда, кейбіреуіміз бұл қатерлі дерттің қауіпін әлі де терең сезінбей, немқұрайлық танытудамыз. Жаңаөзендегі науқастың оқиғасы нақты дәлел. Ел аумағында төтенше жағдай жариялап, облысымызда енгізілген карантинге қарамастан үйіне қонақ шақырғаны анықталды. Ескертуімізді елемей, талапты орындамағанның салдарынан инфекцияның бірнеше адамға тарауына әкеп соқты. Әлі де мамандарымыз жан-жанқты зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Біз - алғашқы күннен-ақ облыс тұрғындарына мерекелік жиынды, отбасылық іс-шаралар мен дәстүрге сай өтетін жиындарды уақытша тоқтату керектігін ескерттік. Өйткені, қашанда халқымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігі қымбат.
Алып мемлекеттердің өзі күндіз-түні күрессе де, аталған ауруды дәрімен немесе дәрігердің кемегімен ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Әлемдік індеттің ілмегіне ілінбеудің жалғыз жолы – санитарлық талаптарды сақтай отырып, өз шаңырағыңнан шықпау. Сонда ғана аталған індеттің таралуын тежеуге мүмкіндік болады.
Өздеріңізге мәлім, сәуірдің үшінен бастап коронавирус инфекциясын таратпау мақсатында облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен жаппай карантин жарияладық. Өңірдегі ахуалға байланысты карантин режимі күшейтілді. Мамандарымыздың айтуынша, аймақтарда енгізілген карантин мен қабылданған шаралар індеттің кең таралмауына және тосқауыл қоюға оң нәтижесін беретін дәлелденіп отыр. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комиссияның отырысында еліміздегі төтенше жағдай сәуір айының соңына дейін ұзартылатынын мәлімдеді.
Басты мақсат – қауіпті вирустың таралуына жол бермей, аурудың алдын алу. Мұндай сын сағатта сабыр сақтап, шыдамдылық танытсақ қана індеттен құтыламыз. Сондықтан бәріміз тәртіпке бағынуымыз керек. Үйден шықпай, ортақ талапты орындайық. Бүгінгі қатал тәртіп - ертеңгі еркін өміріміздің кепілі!
Қолға алынған шаралардың барлығы да әр отбасының, әр азаматтың қолынан келетін дүниелер. Мен барша жерлестерімнің бұл сынақтан ынтымақпен, терең түсіністікпен еңсеріп шығарына сенемін!
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов.