Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Маңғыстаулық кәсіпкерлер медицина қызметкерлерін үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етуді қолға алды. Әсіресе, бірінші кезекте инфекциялық аурухана, жедел жәрдем қызметі, провизорлық және обсервациялық госпитальдер. Себебі олар өңірде коронавирустың таралуын алдын-алуда күндіз-түні аянбай еңбек етуде.
Самат Мұсабаев, Ирина Беляева, Шамрад Телеубаев, Олжас Әлмереков, Рауф Алиев, Анар Мирамир сияқты кәсіпкерлер, облыстық мәслихаттың депутаты Аббат Өрісбаев, балалар үйінің директоры Сару Ермұханова қазір бірігетін мезгіл екенін айтады. Себебі Covid-2019 эпидемиясымен күресте алдыңғы қатарда ақ халатты абзал жандар тұрғаны белгілі және оларға мейлінше қолдау көрсету маңызды.
Маңғыстау облысының штаттан тыс бас инфекционисі Гүлбану Нұржанованың айтуынша, қазіргі таңда дәрігерлер мен медбикелерге қиын жағдайда жұмыс жасауға тура келіп тұр, әсіресе, инфекциялық стационарлар. Жалпы жұмыс көлемінің артуы барлық медициналық ұйымдарда сезіліп отыр. Мәселен, облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясына шақыртулар бұрынғыға қарағанда 1,5 есеге артқан.
«Медицина қызметкерлері эпидемиямен күрес барысында кейде жұмыстан қалып жасауға тура келеді. Олардың да отбасылары бар, біреуінде қарттары енді біреулерде кішкентай балалары бар. Біздің қызметкерлерге қолдау көрсетіп жатқандарға алғысымыз шексіз, әсіресе үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етуді ұйымдастырған шағын және орта бизнес өкілдеріне. Сонымен қатар техникалық қызмет көрсету сервисінің жетекшісі Рауф Алиев жедел жәрдем станциясының көліктерін тегін жөндеуге қол ұшын берді. Ақтау халықаралық әуежайы да шет қалмады. Ал, "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы жедел жәрдем қызметіне екі автокөлік бөлді. Барлығын тізіп айту мүмкін емес», - дейді Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева.
Қазір медиктер екі есе қиындықты сезінуде, себебі оларға физикалықтан бөлек психологиялық салмақ түсіп отыр. Ақ халаттыларды қолдауға Иманғазы Досмұхамедов бастаған "Біз адамдар - біз біргеміз" қайырымдылық қорының командасы кірісіп кетті.
«Біздің еріктілер тәттілер мен ыстық тамақпен қамтуды қолға алды. Бұл уақытша қиындық деп ойлаймын. Қазір баршамыз дәрігерлерге қолдау білдіруіміз керек. Біздің өңірде білікті дәрігерлер аз емес, олар күндіз-түні жұмыста және күрделі оталар жасайды. Сондықтан дәрігерлер мен медбикелерге қандай құрмет пен қолдау көрсетсек те жарасады», - дейді Иманғазы Ибатұлы.
Ақ халатты абзал жандар сіздер үшін жұмыста қалды, ал сіздер үйде болыңыздар!