Бұл туралы Маңғыстау облысының кәсіпкерлік басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әли Сәрсенов брифингте мәлімдеді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық ҚКО баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 16 наурыздан бастап ел аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдай жарияланғаны мәлім.
Осыған байланысты сауда объектілеріне қатысты уақытша шектеулер қойылды. Атап айтсақ, ірі сауда орындарына сағат 10:00-нан 18:00-ге дейін, тұрмыстық тауарлар мен киім-кешек сататын базарлардың жұмыс уақыты сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін шектелді.
«Дәмхана мен мейрамханалар 22:00-ге дейін ғана жұмыс жасайды, бұл ретте келушілердің саны 50 адамнан аспауы керек. Бүгінгі таңда облыста 592 сауда орындары жұмыс жасайды, оның ішінде 2 гипермаркет, 71 супермаркет, 490 минимаркет пен 29 базар бар. Сауда орындарында азық-түлік жеткілікті, тауарлар тапшылығы жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тағам түрлеріне бағаны тұрақтандыру мәселесі үнемі бақылауда тұр. Ең бастысы, кәсіпкерлердің қоғамдық орындар мен ғимараттарда тұрақты түрде санитарлық-дезинфекциялық іс-шаралардың жиі жасалып тұруына жауапты болуын сұраймыз. Рейдттік тексерулер жалғасуда. Бастапқыда ескерту беріледі. Екінші рет қайталанса, тәртіпке бағынбағандар әкімшілік жазаға тартылады» - дейді Ә.Сәрсенов.
Брифингте сөз алған Ақтау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бауыржан Сапаның айтуынша, бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес облыс орталығында арнайы жұмыс тобы құрылған.
Оның құрамында қала әкімі мен орынбасарлары, құқық қорғау органдары, тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мен өзге де мемлекеттік мекеме өкілдері бар.
Қала әкімнің төрағалығымен аталған жұмыс тобы күнделікті сағат 09.00-де штаб отырысын өткізіп келеді.Әкімдік ғимаратында ашылған Cаll-орталығы (307 кабинет, тел. 8-7292 33-67-00) 24 сағат жұмыс жасайды. Орталыққа бүгінге дейін 22 тұрғын түрлі мәселелермен хабарласыпты.
«Қазіргі таңда жұмыс жасап тұрған 14 базардың азық-түлік сату бөлігінде санитарлық-дезинфекциялық жұмыстарын күнделікті жүргізіп, қызметкерлер мен келушілер үшін арнайы антисептикалық заттарды орнату жөнінде тапсырмалар берілді. Базарлар қалыпты режимде жұмысын жасауда. Базарлардың киім-кешек және өзге де тауарлар сату бөлігінің жұмыс уақыты сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін шектелді. Қала аумағында 5 мал базары бар. Үшеуі санитарлық-дезинфекциялық шараларын сақтап, қалыпты режимде жұмыс жасауда, 2 жабық. Ірі сауда орындарына әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлікке күнделікті мониторинг жүргізілуде» - дейді Б.Сапа.
Төтенше жағдай мерзімінде Ақтаудағы 2 мешіт, 41 тойхана, 29 компьютер және ойын клубтары, 4 кинотеатр, сауда-көңіл көтеру орталықтарындағыбалалар ойын алаңдары, 25 мектеп, екі қосымша білім беру орталығы, 28 спорт зал, 6 бассейн, 33 фитнес орталығы жұмысын тоқтатты.
Сондай-ақ 81 мемлекеттік және жекеменшік балабақшақалыпты режимде жұмыс жасауда. Жалпы саны 15 мың 122 баланың төрт мыңы тәрбие алуда, қалғаны демалыста.
"Біз біргеміз" «Nur Otan» партиясы акциясы аясында қаланың жалғызбасты, көпбалалы, мүжәлсіз 260 отбасына кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар тарапынан азық-түлік және қорғану құралдары тегін берілді. Бұл ретте «Атадан Мирас» қоры қаланың жалғызбасты, көпбалалы, аз қамтылған 100 отбасына әлеуметтік көмек көрсетті» - дейді Бауыржан Сапа.
Қала бойынша кәсіпкерлер тарапынан 9300 дана бетперде тігілді, оның 800 данасы мүгедектер мен мүжәлсіз адамдарға, қала тұрғындарына тегін таратылды. 2500 данасы дәріханалар мен ательелердесатылған.
Шаһар аумағындағы 1062 көп қабатты тұрғын үйге қызмет көрсететін 77 пәтер иелерінің тұтыну кооперативтері (КСК) бар. Оның 52-сі бүгінгі таңда 703 тұрғын үйлердің дәліздеріне санитарлық-дезинфекциялық жұмыстары жүргізілуде.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке тоқтала кетсек. Үкіметпен 1-ші кезектегі әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарлары бекітілген. Олар:
1. Бірінші сұрыптағы бидай ұны;
2. Бірінші сұрыптағы бидай наны;
3. Рожки;
4. Қарақұмық жармасы;
5. Күріш;
6. Картоп;
7. Сәбіз;
8. Жуа;
9. Қырыққабат;
10. Қант;
11. Күнбағыс майы (литр);
12. Сиыр еті;
13. Тауық еті;
14. Сүт, майлылығы 2,5% (1 литр);
15. Айран, майлылығы 2,5% (1 литр);
16. Сары май (майлылығы 72,5% төмен емес);
17. Тауық жұмыртқасы I категориядағы;
18. Ас тұзы (тек «Экстра»);
19. Майлылығы5-9% ірімшік.
Бүгінгі таңда Ақтауда осы тауарларға тапшылық жоқ және бағалары бір қалыпты. Әрине, нарықтық экономика болғандықтан міндетті түрде+/- 5-10 теңгеге дейін бағаның ауытқулары болып тұрады.
Қалаға азық-түліктің 90 пайызы сырттан, соның ішінде 50% Ресейден тасымалданады. Қазірдің өзінде өңірдегі барлық көтерме сауда жеткізушілеріне азық-түлік тауарларының басым бөлігі жаңа бағамен жеткізілді.
Мысалы, Ресейден тауық еті 21%, қант 30%, көкөніс өнімдері 15-20% өсіммен сауда орындарына келді, сондай-ақ республикамыздың басқа облыстарынан сиыр еті 11%, күнбағыс майы 9%, күріш 15%, қарақұмық 15% өсіммен келуде.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында, ағымдағы жылы әкімдік, бәсекелестікті қорғау мен дамыту департаменті, сауда орындары мен көтерме сауда жеткізушілер арасында төрт жақты меморандум жасақталды.Осыған сәйкес, бағаның қымбаттауына кешенді талдау жүргізу үшін өкілетті органға тиісті хат жолданды.
Қала халқын картоп, сәбіз, жуа және қырыққабатпен қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорынан 100 млн теңге бөлінген. Көкөністерді тасымалдау қызметін ұсынған бес кәсіпкермен «Каспий» ӘКК арқылы келісім шарт жасалған.