©
Елімізде коронавирусқа қатысты арандатушы ақпарат таратып, халықты түрліктіретін жағдай тудыруға талпынғандар заң жүзінде жазасын алады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Арандатушы ақпарат таратып, халықты түрліктіретін жағдай тудыруға талпынғандар заң жүзінде жазасын алады. Қазақстанның барлық азаматын сабыр сақтап, бір-біріне көмектесуге, өзін және жақындарын қорғауға шақырамын. Халқымыздың рухы күшті, әсіресе бүгінгі күні бізге оптимизм қажет және өмірге позитивті қарау аса маңызды», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қатысты үндеуінде.
Сондай-ақ, ол қазақ халқы басынан небір қиын кезеңдерді өткізгенін айтты.
«Біз тарихымызда басымыздан небір қиындықтарды өткізген халықпыз, сол сынақтардан ең алдымен береке-бірліктің арқасында сүрінбей өттік. Бүкіл халықты жұдырықтай жұмылуға, сабыр сақтауға шақырамын. Бұл күрделі жағдайды бәріміз бірге еңсереміз деп сенемін. Халқымыз – аман, жұртымыз – тыныш болсын. Біз біргеміз!», - деді ол.