ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау мақсатында Департаментте атқарылып жатқан жұмыстар бойынша сұхбат берді.
Тілші: Сыбайлас жемқорлықты жою немесе азайту жолында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарынан яғни, заңнамалық шектеулерден басқа қандай идеологиялық жұмыстар бар?
Қ.Мырзағали: Дұрыс айтасыз, қылмыстық қудалаудың көпжылдық тәжірибесі бір жақты екенін дәлелдеп, бүгін біздің басты мақсаттарымыздың бірі де тап осы идеологиялық жұмыстар болып отыр. Яғни, дерттің алдын алу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Осы тұрғыда бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, «Адалдық алаңы», «Ақпараттық ағарту штабы», «Antikor LIVE», «Адал көмек», «Адал жол», «Сапалы жол», «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ», «Ашық бюджеттің интерактивті картасы», «Сервистік әкімдіктер», «Protecting business and investments», «Парасат жолы» жобалары.
Тілші: Қазіргі таңда «Адалдық алаңы» деген сөз жиі айтылатын болып жүр. Бұл алаңның қоғамдағы орны мен үлесі қандай болмақ?
Қ.Мырзағали: «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыстарды атқарып қана қоймай, еліміздің одан әрі дамуы үшін өз үлесін қосып келеді. Негізгі үш бағыты – тұрмыстық жемқорлық әрекеттерінің алдын алу, билік пен қоғам арасында кері байланысты орнату, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру.
Тек осы жылдың бірінші тоқсанында жобалық кеңсе сарапшылары бірнеше әлеуметтік салаларға 108 қоғамдық мониторинг жұмыстарын жүргізіп, 100-ден аса кемшіліктер анықтады.
Мысалы, «Адал жол» жобасы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерімен бірге теміржол жолаушылар тасымалы саласының қызметтеріне 4 қоғамдық мониторинг жүргізіп, нәтижесінде 3 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, кінәлі тұлғаларға айыппұл салынған. Көптеген өтініштердің оңтайлы шешілуіне жобалық кеңсе жетекшісі Дайрабай Үсіпбаев өз үлесін қосуда.
Жобалық кеңсенің жұмысы облыс әкімі Серікбай Трұмовтың жеке қадағалауында, биыл 3 айдың ішінде оның қатысуымен 5 мәжіліс өткізіліп, жергілікті атқарушы органдарға 40-тан аса тапсырма берді.
Облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова жобалық кеңсенің кураторы ретінде жұмыстарды жіті бақылауда, атқаратын іс-шараларды жоспарлап, уәкілетті органдармен бірлесіп үйлестіріп келеді.
Тілші: «Сервистік әкімдік» дегенге түсінік бере кетесіз бе және ол халық жүгін жеңілдете ала ма?
Қ.Мырзағали: Орынды сұрақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауында азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жариялады.
Осыған сәйкес, Агенттік жергілікті атқарушы органдардың жанынан сервистік әкімдіктерді ашу бастамасын көтерді.
Сервистік әкімдіктердің халық үшін артықшылығы: қала, аудан әкімдері мен мемлекеттік орган басшыларымен кездесуге, құқықтық және әлеуметтік көмек алуға, бірнеше саланың мамандарынан бір уақытта кеңес және қызмет түрлерін алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, мекемелер ашықтығының нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайды. Біріншіден, бәрі ашық, екіншіден, халық бәрін көріп отыр. Олар өз ісін рәсімдеуге, жер кезегін, басқа да шаруаларын жедел және ашық сипатта реттеуге мүмкіндік алады және қадағалай алады. Сервистік әкімдіктерді ашудағы негізгі мақсаттың бірі де осы.
Айта кетейік, былтыр облыстық, қалалық, аудандық деңгейде 8 сервистік әкімдік ашылып, қызметтерін тұрақты түрде жалғастыруда. 2021 жылдың 3 айында 14 мыңнан аса азаматқа қажетті кеңес беріліп, қызмет көрсетілді.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылдарының тұрғындарына арналған сервистік әкімдік ашылып, халыққа қажетті мемлекеттік қызметтер көрсетілуде.
Тілші: Мемлекеттік бюджеттің ашықтығы қаншалықты дәрежеде көрініс тауып отыр? Бұл тек бақылаушы органдар үшін тиімді ме, әлде азаматтар да бақылау жүргізе ала ма?
Қ.Мырзағали: Иә, «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» деген тағы бір күрделі жоба бар. Бұл жоба Мемлекет басшысының 2020 жылғы 19 тамызда сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін жағдайларды жоюға бағытталған, әкімшілік процестерді оңтайландыруға мүмкіндік беретін озық технологиялық шешімдерді тәжірибеге енгізу туралы тапсырмасына сай жүзеге асырылуда.
Тапсырмаға сәйкес, қазіргі таңда облыс бойынша 638 жергілікті атқарушы органдар мен оларға қарасты мемлекеттік мекемелерінің жалпы сомасы 1,5 трл. теңгеден асатын бюджеттік жоспарлары www.publicbudget.kz сайтына енгізілді. Бұл шара қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік тудырды. Енді тұрғындар бюджеттен қайда және қанша қаражат бөлінгенін, олардың қалай жұмсалғанын қадағалай алады. Жүйеге тіркелу арқылы ұсыныс пен өтініштер де қалдыруға болады. Барлық шағымдар уәкілетті органдарға, сондай-ақ Агенттікке түседі.
Тілші: Агенттік қолға алған бұл жобалардың маңыздылығын халық қаншалықты түсініп және атсалысып отыр?
Қ.Мырзағали: Маңызды сұрақ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жас ұрпақтың бойына адалдық пен парасат, ізгілік қасиеттерін себу тұрғысында үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Бұның маңыздылығын кім-кім де түсінеді деп ойлаймын. Осы мақсаттағы өте маңызды миссия ақпараттық – ағартушылық штабының мойнына түскелі тұр. Бұл штаб Агенттік пен бұқара арасындағы дәнекер ғана емес, адам санасына қозғау салатын идеология тетігіне айналатын сияқты.
Қазір ақпараттық-ағартушылық штабының құрамы қайта қаралып, облыстық және аудандық деңгейдегі жетекшілері белгіленді. 2021 жылға арналған жұмыс жоспары бекітіліп, бастамашыл жоба ретінде «Ой түбінде жатқан сөз...» атты белгілі тұлғалармен сұхбат жүргізу қолға алынды.
Ақпараттық – ағартушылық штабының жетекшісі Ағлен ханым, өзіңіздің жүргізуіңізбен ҚР Жазушылар одағының мүшесі, республикалық «Парасат жолы» жобасының жетекшісі Сәдібек Түгел, облыстық Бекет ата мешітінің бас имамы Әнуар Ержанов, PhD докторы, шебер педагог, республикалық «Qaz Bilim» орталығының негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлынан адалдық, парасаттылық қағидаттары жөнінде сұхбат алынып, арнайы бейнероликтер әзірленді.
Ақпараттық – ағартушылық штабымен өткізілген 117 кездесу мен акциялар, челлендждер, сұхбаттар БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен жариялануда. Штаб мүшелерінің өз күшімен «Әмиянымды жоғалттым» деп аталған ролик дайындалып, әлеуметтік желіде таратылды. Бұған қоса, «Жемқорлық-балалардың көзімен», «Жемқорлықсыз өмір» тақырыптарындағы балалардың ойымен өрнектелген роликтер мен дебаттарға ден қойылып отыр. Осы мақсатта сәуір айынан бастап онкүндік іс-шараларға барлық аудан мектептері атсалысуда. Онкүндік аясында «Адамдықты іздесең, Абайды оқы», «Мен жастарға сенемін» деп аталған екі рубрика жарыққа шықты. Бұл рубрикалар арманшыл, идеяшыл, адалдық пен адамдықты ту ететін, білімді жастарды насихаттауға бағышталады.
Тілші: Байқауымызша, соңғы кездерде кітапханалар жұмысына басымдық беріліп отырған сияқты, оның себебі?
Қ.Мырзағали: Дұрыс айтасыз, кітап-білім бұлағы, ақыл-ой, ізгілік, парасаттың барлығы осы кітаптарда екені аян. Соңғы буынның кітапқа, кітап оқуға қызығушылығының пәс тартқаны және бар. Сондықтан, сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Парасат жолы» жобасы қолға алынып, қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. «Парасат жолы» жобасы бойынша облыста 67 кітапхана мен мәдениет үйлерінде, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Маңғыстау облысы филиалында орталықтары ашылды.
Тілші: Әдетте кез келген бала біреуге еліктеп өседі. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген Абай қағидаты қаншалықты негізге алынып отыр? Біз осы жағынан ұтылып отырған сияқтымыз...
Қ.Мырзағали: Келісемін, үлгі ететін тұлғалар жетіп артылады қазақта және оларды таныту, насихаттау үрдісінің де үзілгендей болып қалғаны рас. Адами, рухани құндылықтардан алыстау кеткендіктен де, бүгінде осындай жайларға тап болып отырғанымыз және аян. Сондықтан, ғұламаларымызды таныту, олардың идеясын насихаттау- біздің басты ұстанымдарымыздың бірі. Осыған орай, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетімен Шоқан Уалихановқа арналған «адалдық сағаты» бейнедәрісі дайындалды.
Қазіргі таңда, Маңғыстау облысы бойынша мәдениет және тілдерді дамыту, архив ісі басқармасымен Әбіш Кекілбайұлына арналған «адалдық сағаты» бейнедәрісі дайындалуда.
Сонымен бірге, Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының ұжымымен бірлесе, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы «Өзгеруге ешқашан кеш емес» тақырыбында әлеуметтік бейнеролик әзірленді.
Бұдан басқа, «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ» жобалары бойынша да іс-шара ұйымдастырылды.
Биыл республикалық «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайырбек Токушевтың қатысуымен «Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау» тақырыбы мен жобалық кеңселердің жұмысын тыңдау бағытында онлайн-конференция өткізілді.
Тілші: Енді бір маңызды сұрақ: Жемқорлық тәуекелдері тек өзіміздің ішкі айналысымызда ғана мүмкін деп ойламаймын. Яғни, отандық компаниялар ғана емес, шетелдік инвесторлармен жұмыс барысында да болуы ықтимал ғой? Бұл жағы назарға алынған ба және қаншалықты?
Қ.Мырзағали: Агенттік еліміздің әлеуметтік – экономикалық дамуына үлес қосып жүрген отандық және шетелдік инвесторларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу мақсатында, 2018 жылдан бастап «Protecting Business and Investments» жобасын жүзеге асырып келеді.
Жобаның мақсаты, инвесторлардың жұмыс барысында мемлекеттік органдар мен құзырлы мемлекеттік ұйымдар тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алып келуі мүмкін әкімшілік кедергілердің алдын алу.
Қазіргі таңда, облыс бойынша 1,4 трлн. теңгені құрайтын инвестжобалар бойынша 24 отандық және шетелдік компания сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелденуде. Олардың 6-уы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметін құрды.
Келісімге отырған инвесторлардан мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік кедергілерге кездескені туралы түскен 4 өтініш Антикор орталығы алаңында құзырлы органдардың қатысуымен қарастырылып, мәселелердің қолданыстағы заң талаптарына сәйкес оң шешілуіне жағдай жасалды.
Сонымен бірге, өңірге келген инвесторлардың әкімшілік кедергілерге жолығу тәуекелдерін алдын алу мақсатында Маңғыстау облысы бойынша Инвестициялар және туризмды дамыту басқармасы мен Ақтау қаласы әкімдігімен ынтымақтастық меморандумына қол қойылып, тиісті жұмыс жоспары бекітілді.
Облыс бойынша жергілікті атқарушы органдарға қарасты 222 квазимемлекеттік секторлардың 63-де сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі құрылды.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау бағыты бойынша ағымдағы жылдың 1 тоқсанында 5 мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілері мен ұйымдық-басқарушылық қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша сыртқы талдау жұмыстыры жүргізілді.
Нәтижесінде мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын жою жөнінде 43 ұсыным енгізіліп, оның 20 бүгінгі таңда орындалды, қалған 23 орындалуда.
Мысалы, Маңғыстау облысы бойынша онкологиялық диспансерінде жүргізілген бастамашыл сыртқы талдау қорытындысы бойынша бірнеше құқықбұзушылықтар анықталды. Нәтижесінде, Диспансер директорына әкімшілік айыппұл салынды және ол тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Тілші: Сыбайлас жемқорлыққа жол беріп отырған бір тетік – мемлекеттік сатып алу процесі, тендер деген дүние деп ойлаймын. Осы мәселе қаншалықты назарға алынады?
Қ.Мырзағали: Дәл осындай әрекетке жол бермес үшін қолға алынған «Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай терезесі» деген жоба бар. Бұл жоба бойынша біз тұрақты түрде мониторинг жүргіземіз. Оның нәтижесі бойынша көтеріңкі баға анықталған жағдайда құзырлы органдарға жоспарланған сатып алу бағаларын қайта қарау ұсынылады. Осы жылдың өзінде біздің ұсынысымызға байланысты 200 млн. теңгеден аса бюджет қаражаты үнемделді.
Тілші: Азаматтардың өтініштерімен жұмыс тиімділігін қалай артырасыздар? Қандай нәтиже бар?
Қ.Мырзағали: Департамент басшылығымен азаматтарды күнделікті арыз-шағымдарымен қабылдау жүргізіледі. Өтініштермен жұмыс өте өзекті мәселе, біздің қызметтің басым бағыттарының бірі. Сондықтан, арыздар сыбайлас жемқорлық қылмыстар, құқықбұзушылықтар және жемқорлық тәуекелдеріне қатысты болып сараланып, қаралады және олар бойынша нақты шешімдер қабылданады. Өтініштерді толық әрі жан-жақты қарастыру үшін азаматтармен құзырлы орган мамандарының қатысуымен «Антикор» орталығында кездесулер ұйымдастырылады, барлық мәселелер талқыланып, оларды қанағаттандыру бойынша жұмыс жүргізіледі. Нәтижесінде өтініш иелері біздің тарапымызға алғыс білдіруде.
Сұхбаттасқан Ағлен Таласбаева
Ардагер журналист, Ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі