Бүгін облыс әкімінің тапсырмасына орай «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының іске асыру жөніндегі жол картасының орындалысы бойынша Жаңаөзен қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандардың сапасын бақылау мақсатында мониторинг жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мониторинг жұмыстарына МОфилиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының инспекторы А. Хибасов, Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының орынбасары М. Джайлыбаев, Жаңаөзен қалалық мәслихат депутаты А. Исаева, партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Г. Булекбаева, А. Сарсенбаев және қала әкімінің орынбасары Ж. Аймағанбетов қатысты.
Мониторинг топ алдымен Жаңаөзен қаласы Мерей шағынауданында орналасқан «Самал» жекеменшік бөбекжай балабақшасымен танысты. Мекеменің құрылысы толық аяқталған. Балабақшада бірнеше кемшіліктер анықталды. Атап айтсақ, балалардың ас және жатын бөлмелері ауа сорғышымен қамтамасыз етілмеген, сыртқы есіктері стандартқа сай келмейді, барлық балаға екі әжет ыдысы бар екені анықталды.
Бұдан соң Қызылсай ауылының дәрігерлік амбулаториясының жұмыстарымен танысып, кемшіліктер айтылып (ғимарат ішіндегі жар мен төбенінің кейбір жерлерінің жарылып кеткен жерлерін жөндеу және көкалдандыру) жұмыстарына тапсырмалар мен ұсыныстар айтылды. «Ақүміт» дамыту орталығының ғимаратына мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған пандус қойылуына тапсырма берілді.
Рахат селосы Мерей шағынауданындағы «Геологиялық жағдайлары әдеттегі IVА және IVГ климаттық кіші аудандарға арналған ауысымына 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториясына жүргізілген мониторинг барысында анықталған кемшіліктер: Құрылыс «нысаның паспорты» ілінбеген, құрылысшылардың техникалық қауіпсіздігі сақталмаған, құрылысқа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамсыз етілмеген. Тапсырыс беруші – Маңғыстау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы.
Мониторинг барысында аталған нысандарға ұсыныстар мен тапсырмалар берілді. Аталған мәселелер «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының бақылауында болады.