«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының алаңында филиал жанындағы қоғамдық экологиялық кеңесінің, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының, «Ecojer» қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңесінің және «Табиғи орта» Батыс Қазақстан өңірлік ассоциациясының бірлескен отырысы өтті.
Күн тәртібінде 2020 жылдың аяғында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиевтің келісуімен Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов бекіткен облыстың экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша Жол картасының орындалу барысы туралы орындаушылардың (қалалар мен аудандар әкімдіктері, облыстық басқармалар мен департаменттер) мәлімдемелері тыңдалды. Айта кету керек, күн тәртібінің тақырыбы өзекті болғандықтан, отырысқа бизнес-қоғамдастық пен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері және қоғам белсенділері онлайн форматында қатысты.
Жол картасының негізгі орындаушылары ретінде Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков пен Экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов, Жол картасының 8 тарауы бойынша әр тараудың орындалысы туралы шолу жасады. Атап айтқанда, елдімекендердің көгалдандырылуы мен Қошқарата улы көлінің айналасына жасыл желек егу, осы улы көлдің рекультивациясы, облыс аумағындағы санитарлық жағдай, жер ресурстарының тарихи ластануы, ауыз су тапшылығы сынды мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Сонымен қатар, Жол картасының әр бабы бойынша нақты қанша қаражат қарастырылып, оның қандай мөлшері игерілді, іс жүзінде қандай нәтижеге қол жеткізілді, яғни іс-шаралар орындалысының толық есебін алу мақсатында қатарынан бірнеше отырыс өткізу ұсынылды.
Отырысқа онлайн режимінде қатысқан «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры, «Ecojer» қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша өңірлік экологиялық кеңесінің қосалқы төрағасы Рашит Мұстапаев Жол картасы қоғамдық бақылауға алынғандығы жөнінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен облыс әкімі Серікбай Трұмовқа, осы отырыстың хаттамасын жалғап, ресми хат жолдауды ұсынды.
Ал Қазақстан тәжірибеші экологтары қауымдастығының төрайымы Лаура Маликова да бірқатар ұсыныстарын білдірді.
«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы қоғамдық экологиялық кеңес мүшесі, Маңғышлақ эксперименталды ботаникалық бағының бас директоры Ақжүніс Иманбаева 2000-шы жылдары мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, облыс аумағында бірқатар жерасты су ұңғымалары жабылып қалғанын сынға алып, соңғы жылдардағы қуаңшылық жағдайы сол сауатсыз әрекеттің салдарынан болуы мүмкін деген ойын жеткізді. Өз сөзіне дәлелдеме ретінде сарапшы сол ұңғымалар жабылмастан бұрынғы және жабылғаннан кейінгі өсімдік жамылғысының жай-күйін мысал келтірді. Яғни, жер бетіндегі судың азаюы биолауантүрліліктің жағдайына кері әсерін тигізгендігі сөзсіз.
Қоғамдық экологиялық кеңестің және бір мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Гүлнар Тасболатова Мұнайлы ауданындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының шешілмей жатқан мәселелеріне отырысқа қатысушылардың назарын аударды. Оның айтуынша, егер бюджеттен тиісті қаржы бөлінетін болса, халық саны жағынан еліміздегі ең үлкен ауданда қоқыс мәселесі шешімін табар еді.
Сонымен қатар, жылдар бойы ушығып тұрған Қошқарата көлін рекультивациялау және Шетпе ауылының маңындағы тас каръерлерінің ауаны шаңмен ластауы мәселелеріне де қоғам белсенділері тарапынан назар аударылып, нақты шаралар қолдану жөнінде халық атынан мемлекететтік органдарға талап қойылды.
Ақтау қаласының іргесінде орналасқан, құстың Қызыл кітапқа енген 22 түрі мекендейтін Қаракөл көлінің мәселелері де жылдар бойы шешімін таба алмай жүргендігін Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары ретінде қозғағым келеді. Халықаралық мәні бар сулы-батпақты алқаптардың Рамсар тізіміне енуге лайықты Қаракөл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің атына 2020 жылдың күзінде хат жолданып, тиісті қолдау көрсетілетіні жөнінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан жауап келгеніне қарамастан, әлі күнге дейін нақты қолдау жасалып жатқан жоқ, деді Әділбек Қозыбақов.