Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Жанама салықтарды әкімшілендіру бөлімі басшысының қасақана, пайдақорлық ниетпен, айтарлықтай мөлшерде пара алу мақсатында бірнеше жағдайдағы сыбайлас жемқорлық сипатында ауыр қылмыс жасаған іс-әрекеті жиында қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Мәжіліске Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің және аумақтық мемлекеттік кірістер басқармаларының лауазымды тұлғалары қатысты.
Жиында аталған бөлім басшысының өз өкілеттігін теріс пайдаланып, пара алу арқылы заң бұзушылықтарға жол берген әрекеті қаралып, ұсыныста аталған күнәлі тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қолданылды.
Мәжіліс соңында, қатысушылар әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті мен моральдық және этикалық нормаларын сақтау талаптары туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігі, жұмыс сапасына тікелей байланысты екенін айтып, мемлекеттік органдардағы әрбір қызметкер заңды басшылыққа алуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың талаптарын қатаң және мүлтіксіз сақтауы, сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерге қарсы тұра білуі тиіс деген ортақ пікірге келді, делінген Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті таратқан ақпаратта.