2002-2004 жылы туған жастар біріншілігі «Маңғыстау арена» спорт кешенінде өтіп жатыр. 14 облыс және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 450-ден астам дзюдошы бақ сынамақ, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысынан бұл додада 18 ұл, 7 қыз белдеседі. Бүгін, 2 наурызда 60 келі салмақ дәрежесіндегі сынға түсіп жатқан Мерей Марханбетов жарысты сәтті бастады.
Палуандардың күресіне 14 білікті төреші қазылық етеді. Ел біріншілігінде жүлделі болғандар Азия және Әлем чемпионатына жолдама алады.
Сайыстан бұрын өткен баспасөз конференциясында ҚР дзюдо федерациясының бас хатшысы қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, Маңғыстау өңірі дзюдошыларының ел ішінде үздің үштікке кіретінін атап өтті.
Маңғыстау облысынан Олимпиада ойындарына спортшылар шығуына тілектеспіз, - деді ҚР дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев.
Ал ҚР жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Азамат Мұқанов та Маңғыстау облысының палуандары дзюдо спорты бойынша көш басында келе жатқанын айтты.
ҚР чемпионатында жүлдеге ілінбей қалатын, бірақ шетелдегі додаларда жақсы күресетін палуандар болады. Біздің мақсатымыз сондай балаларды жіберіп алмау, - деді ҚР жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Азамат Мұқанов.
Маңғыстау облыстық дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев өңір спортының дамуына үлес қосу үшін біршама іс атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
Біздің резерв жақсы дамып келе жатыр. Күтетін үміт зор. Біз дзюдоға қаражатты жемісін қазір орып алу үшін салып жатқан жоқпыз. Ел спортын көтеру үшін істеп жатырмыз, - деді Асылбек Тұрарұлы.
Махаббат Нұржанқызы