Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қызылорда облысында өткен ел чемпионатында Құрық ауылының палуаны Азамат Есенжан күміс жүлдеге ие болды. Бұл туралы Қарақия аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дүйсенбай Атағараев айтты.
Екі күнге созылған спорттық додада еліміздің 12 өңірінен келген жас палуандар сынға түсті.
"Азамат өте талантты спортшы, 10-11 шілдеде өткен республикалық чемпионатта 85 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, Маңғыстау облысының қоржынына күміс жүлдені еншіледі. Енді Азамат Есенжан биыл 4-8 қыркүйек аралығында Татарстанда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды," - деді Дүйсенбай Атағараев.