Өңірдің өркендеуіне өз үлесін қосқан абыройлы азамат ағамыз Даржок Сейбағытұлы 1946 жылдың 8 қыркүйегінде Маңғыстау ауданының Онды ауылында дүниеге келді. Ерекше есімін 1942 жылы Торжок қаласын қорғауға қатысқан жауынгер нағашысы Шаңытбай қойыпты.
Өзінің балалық шағы туралы «Әкем жылқышы болды. Бала жастан шығырға мініп, мал суару жұмысына араластық. Шаруа жайымен жалғыз үй қырда отырдық. Маңайда қара жоқ, елсіз дала. Әкем Бесқалаға барып, азық-түлік әкелетін. Қыста жағатын отын жоқ. Сондай жағдайда бір жылы киіз үйге қыстап шыққанбыз. Сол кезде ауру-сырқау дегенді білмейтінбіз» деп сөзін бастады әңгіме өзегін әріден қозғаған Дәкең.
Шахта орта мектебін бітіргеннен кейін Таушықтағы ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орнынан мамандық алып, еңбек жолын Маңғыстау ауданаралық құрылыс кәсіпорнында жүргізушіліктен бастайды. Кәмелетке толған соң, Кеңес әскері қатарында жауынгерлік борышын өтейді.
1972 жылы Форт-Шевченко қаласы облысқа бағынатын қала статусымен қайта ашылып, Дәкең қалалық атқару комитетіне бөлім бастығы қызметіне шақырылады. Екі жарым жылдан соң, Маңғыстау ауданына, ауаткомға қызметке ауысады. Ол кезде ауданның көлемі бүгінгісінен үш-төрт есе үлкен. Жұмыс қауырт. Жастық жігермен туған елге қызмет етті.
Алматы Жоғарғы партия мектебін, Атырау ауылшаруашылық техникумын бітірген Даржок Сейбағытұлы заманына сай маман болды. Ол туралы өзі: «Алматы жоғарғы партия мектебінде төрт жыл оқып келдім. Келген соң, Маңғыстау аудандық партия комитетінде үш жылдай нұсқаушы, одан кейін өндіріс-көлік бөлімінің меңгерушісі қызметін істедім. Содан кейін мені Шетпедегі автобазаға директор етіп жіберді. Автобаза минавтотранспортқа қарайтын. Мекеме көліктері Қатқыл түбекке мұнай іздеп жүрген «Маңғышлақ мұнай газ барлау» (КМНГР) мекемесінің скважиналарына май таситын. Жері сор, жол жоқ. Шетпенің тас карьерінің өнімін тасиды. Сонымен бірге аудан мен ауылдар арасында жолаушыларды да тасымалдау міндеттелген. Негізгі жұмыс сол» дейді. Даржок тұралап қалған кәсіпорынның техникалық-материалдық базасын қалпына келтіріп, қаржылық жағдайын көтеру арқылы облыстағы озат кәсіпорындар қатарына қосты. Бір жылға жетпей, өңір автотранспортшылары арасынан ауыспалы Қызыл туды жеңіп алып, жоспары орындалмай тұрған мекеме алға суырылып шықты. Одан соң, аудандық халықтық бақылау комитетінде бес жыл жұмыс жасады.
Д. Сейбағытов тәуелсіздік алған тұста Маңғыстау аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары еді. Еліміз тәуелсіздігін алған қиын жылдарда шаруашылық байланыстардың тоқырап, тоқтап қалған кездерінде, жаңа экономикалық реформаларды аудан тұрғындарына түсіндіру және оны іске асыруға белсенділік танытуға шақырды. «Бұрын мемлекет тарапынан қамтылып тұрған совхоздар, 7 совхоздың 300 мыңға жуық малы бар еді, жұрт жеке кооперативке, шаруа қожалықтарына бөліп алды, кейін малдың көбін тауарға айырбастап азайтты. Бұрынғы үкімет малдың етін, терісін, жүнін түгел қабылдап алатын, басқа да жеңілдіктер жасайтын. Жаңадан құрылған кооперативтер мен шаруа қожалықтарының халі кетті. Азық-түлік дүкендері қаңырап бос қалды. Жекешелендіру жүрген соң, халық қатты қиындық көрді. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы жүйе бұзылған соң, жаңа қоғам жүйесіздікке ұшырады. Ауыл шаруашылығын реформалаудағы асығыстық салдарынан жағдайы нашарлады» деп әңгімелейді сол жылдардағы жағдайды ол.
Жаңа биліктің орнауына байланысты сайлау, саяси науқан күшейді. Бұрын үкіметке арқа сүйеп қалған ел жаңа жүйеге бірден үйренісе алмады. Ауданның шопандарын, адамдарын танитындықтан үгіт-насихат жұмыстарына көбіне Дәкең жіберілетін. «Содан барамыз. Ауыл клубына жиналған халық ашу-арызын бізге айтатын. «Үкімет қайда қарап отыр? Жұмыс жоқ, жалақы жоқ. Көршіден нан сұрайтын күйге жеттік» деп қиналған адамдарды жарқын келешекпен үміттендіріп жұбатуға тура келетін-ді.
Мен сонда көпшіліктің сөздерін тыңдап болған соң: «Сіздердікі дұрыс. Бірақ біздің қазақ бұдан да жаман күндерді бастан өткізген. Кешегі үкімет қолдағы малды тартып алып, ашаршылық жылдарында қазақ түрікмен асып, жолда аштан өліп те қырылды. Қазір бастарыңызда үйлерің бар, малдарың қолдарыңда. Жарық жанып тұр. Қазақстанның көп жері жарықсыз отыр. Шүкіршілік қылу керек қой» дегенімде, үлкен кісілер: «Даржокжан-ай, дұрыс айтасың» деп қоштай кететін.
«Бұндай жағдайға ауылдың нағыз қазағы шыдамағанда, қаланың адамы қалай шыдайды? Қазақ өз алдына ел болып, тәуелсіздігін алып жатыр. Ондай-мұндай қиындыққа шыдамауға бола ма?» дегенімде: «Е, дұрыс. Сайлауға барамыз. Дауыс береміз. Ал жүр, біздің үйден шай ішейік» деп, қауқылдасып қалатын ақжарқын ауыл адамдары.
Сондағысы бізден хабар сұрайды. Ол кезде ұялы телефон дегенің жоқ, тіпті теледидардың да тапшы кезі. Халық малға жем таба алмай, қиналды. Ауыл тұрғындарының негізгі күн өрісі болып есептелетін мал басын өсіру және оны сақтап қалу мақсатында астықты облыстардан жем жетістіру, қыстаққа мал азығын дайындау жұмыстары жүйелі қолға алынды. Облыс басшысының көмегімен «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз» кәсіпорындарының астықты облыстардан алажақ қаржысының есебінен облыс шаруашылықтарына жем алуға келісім жасалды.
Сол жұмыстар барысында егінді өңірлерге барып айлап жатқан кезіміз болды. Орал, Ақтөбе, Қостанай, Семей өңірлеріне барып, басшылармен сөйлесіп, жағдайды жолға қоюға атсалыстық. Тірлік жасадық. Бұл менің қызметтік міндетім болды. Сөйтіп қиын уақыттарда қарекет қылдық» дейді Даржок аға. Ауданның негізгі экономикасы мал шаруашылығын дамытуға үлес қосып, мал басының өсуіне, одан алынатын өнімнің көбеюіне және сапасының жақсаруына қол жеткізген жемісті жылдарды қанағаттана еске алып.
1999-2006 жылдары облыстың ауылшаруашылық басқармасына басшылық жасаған Дәкең сала бойынша көптеген нәрсенің кемшілігіне көз жеткізді. Тәуелсіздік алғанмен, бұрынғы жүйелік байланыстан ажырап қалған еліміздің аймақтары өз күндерін өздері көруге кірісе бастаған. Малдың жүні, терісі далада қалып жатты. Шөп шабуға трактор жоқ, сельхозтехника жоқ, сатып алып мал өсіруге жеңіл несие жоқ. Несие алу үшін кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлік болуы керек. Ауыл үйлерін банк кепілдікке алмайды. Енді не істеу керек? Енді қарекет қылудың жолдарын іздей бастады.
Екі жылдан соң, Б.Палымбетов облыс басшылығына қызметке келген соң, Даржок өңір басшысының алдына барып жағдайды айтты. Атырау облысында әкімнің орынбасары қызметінде жүріп, Болаттың осындай мәселеге кезігіп, кеңесе келе тұйықтан шығатын жол тапқан жайлары бар екен. Ол үшін соны көзімен көріп, тәжірибесін үйреніп келетін маман керек. Дәкең ол істің мән-жайын көру үшін өзінің орынбасарын жұмсады. Біреудің істегенін біреу істейді. Атыраулық әріптестерінің әдісімен облыс әкімдігінің жанынан «Агросервис» серіктестігі бюджеттік мекемесін құрып, оған Орысбай Оразовты тағайындап, тиісті құжаттарын заңдастырып, өңірдегі ауылшаруашылығының ілгері басуына мұрындық болды.
Өзі құрған мекеменің кем-кетігін бүтіндеуді де өз мойнына алып, 7%-бен несие алып, жеке азаматтарға қой, жылқы, түйе түліктерін сатып алуға жағдай жасады. Белорустан – трактор, Қырғызстаннан – шөп престеуші машина, тырма, шалғы т.б. алдыруға ұйтқы болды. Ауылшаруашылығын мемлекет тарапынан қолдаудың қажеттігін нақты іспен дәлелдеп, шаруа қожалықтарына трактор, ауылшаруашылық техникаларын сатып алуға, тамшылатып суару арқылы егін егу, асыл тұқымды мал өсіру, министрлікке аудандардағы ветстанцияларды ашу, мамандар даярлау мәселелерін жолға қойды.
Даржок Сейбағытұлы 2006-2016 жылдары облыстық мәслихаттың аппарат басшысы қызметін атқарды. Облыс мәслихаты органдарының қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, депутаттарға өздерінің өкілеттіктерін жүзеге асыруға көмек көрсету бағытында тиянақты қызметтер ұйымдастыру жұмыстарының сыртында, ана жылдары Дәкеңнің ТМД елдерінде (Грузия, Ресей, Әзірбайжан, Белорус, Түрікменстан) өткен бірқатар референдумдар мен Парламент, Президент сайлауларына бақылаушы ретінде қатысқаны бар.
Сол сапарлардың ішінде Белорус елінен көріп, білгендері есінен кетпейді. Арнайы ат басын бұрған орындар – әйгілі Брест қамалы мен Белорус және Польша елдерінің ортасындағы орманнан ойып орын алған «Беловежская пуща» ұлттық саябағы. Алған әсер айтып жеткізгісіз мол. Бірінші Брест қамалындағы Ұлы Отан соғысы құрбандарына қойылған ескерткіш жанындағы екі қазақ жауынгерінің басындағы құлпытасқа тәу етіп, марқұмдарға Құран бағыштады. Екінші Беловеж тоғайының жалғызаяқ соқпақтарын аралай жүріп, жергілікті халықтың туған жер табиғатын көздің қарашығындай сақтап отырған жайларына куә болыпты.
Жетпістің бел ортасына жеткен ақсақалдың тындырған ісі аз көрінбейді. Республикалық деңгейде өткізілген «Бекет ата - 250» жылдығына байланысты комиссия құрамында болып, шараның ұйымшылдықпен, жоғарғы деңгейде өткізілуіне аянбай күш салуы, қоғамдық негізде облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары ретінде ҚР Президентінің, ҚР Парламенті Сенаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар сайлауларының ойдағыдай өткізілуіне үлесін қосуы, «Жер реформасы туралы» 2016 жылдың мамырында құрылған республикалық комиссияның құрамында өңір аудандары мен қалаларында, елді мекендерінде тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізуі – қайраткерлігі демей көріңіз.
Халық депутаттары Маңғыстау аудандық Кеңесінің депутаты, «Тобыш ата» қоғамдық қорының төрағасы Даржок Сейбағытұлының ұзақ жылдар бойы елге сіңірген еңбегі ескеріліп, 2016 жылы «Маңғыстау облысының Құрметті азаматы», «Қазақстан Республикасының Үздік мемлекеттік қызметкері» атақтары берілді. 2018 жылы «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды.
Даржок Сейбағытұлы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосқан ардагер және үлкен отбасының тірегі. Зайыбы Үзілхан Бүркітқызы денсаулық сақтау саласының ардагері, балалары әр саланың жоғары білімді мамандары. Немере-жиендерінің арасында берекелі өмір сүріп жатқан ардагер бүгінгі жастар тәрбиесіне алаңдаушылық білдіреді.
«Қазақтың салт-дәстүрін сақтаған бірден-бір өңір Маңғыстау еді. Жаһандану бізге де салқынын тигізіп жатқандай. Қазақ қыздары ұяңдықтан айырылып барады. Болашағымыздың жарқын болуы – қыздардың тәрбиесіне байланысты! Осыны зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар айтып отырмаса, тәрбиесіздік түбі ұлттық мінезімізден айыруы мүмкін. Сондықтан әркім жастар тәрбиесіне атсалысуы керек» дейді біздің кейіпкеріміз. Елдің бүтіндігі мен болашағына алаңдайтын ағалар аман болсын!
Үміт ЖӘЛЕКЕ