«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Отырыста білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаева баяндама жасады.
Оның айтуынша, облыстың білім беру ұйымдарының тәрбие беру бағдарламаларына сыбайлас жемқорлыққақарсы тәрбие мәселелерін енгізе отырып, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілікте болуы облыстағы барлық білім беру ұйымдарының жарғысына енгізілген.
2020 жылдан бастап білім саласында жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қызметтер 93 % автоматтандырылды. Өтініштер электронды үкімет веб-порталы арқалы қабылданып, арнайы ақпараттық жүйеде өнделеді.Осылайша жүйе қосылғаннан бері қызмет электронды түрде көрсетілді. Қағаз жүзінде көрсетілетін қызметтер біртіндеп, мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілуде. 2019 жылдан бастап талапкерлерді техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау автоматтандырылды, - деді С. Төлебаева.
Кеңес мүшелері күн тәртібінде көтерілген мәселе бойынша өздерін толғандырған сұрақтарға тұшымды жауаптарын алып, ұсыныстарын айтты. Сыбайлас жемқорлық деректерінің жолын кесу және болдырмау бойынша қоғамдық кеңес мүшелері өз ұсыныстарын айтты.