© Шуша қақпасы
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасына жұмыс сапарымен барып, Шуша қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысқан болатын. Біз де «Президенттердің жолымен» деп әзербайжан еліне сапарға аттандық. Бұл Әзербайжан еліне алғашқы сапарым емес. Алайда бұл жолғы сапардың орны бөлек. Бұл жолы турист ретінде емес, Қазақстанда тұратын әзербайжан диаспорасы қатарында олардың тарихи отандарына жасаған саяхатына куә болдым.
Қазақстандағы әзербайжан диаспорасы Әзербайжан Республикасындағы диаспорамен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитетке хабарласып, өздерінің тарихи Отандарына саяхаттап баруды сұраған. Осылайша диаспораның қазіргі басшыларынан құралған делегация Әзербайжан мемлекетіне барды. Сапарымыздың алғашқы бағыты Баку қаласында Әзербайжанның ұлттық көшбасшысы әрі бұрынғы президенті Гейдар Әлиевтің қабіріне гүлдестесін қойып, тағзым етуден басталды. Бүгінде қазақ елінде, қазақ жерінде тұратын әзербайжан диаспорасының тарихи Отанына сапары осылай басталды.
Гейдар Әлиев қабірі
Одан әрі Отан үшін жан берісіп, жан алысқан «Шахидтер аллеясы» мемориалдық кешеніне барып гүл шоқтарын қойып, Құран бағыштады. Қаланың шет аумағында орналасқан Таулы Қарабақ үшін соғысып шейіт болғандардың зиратына келгенде адамның көптігін көріп таң қалдым. Әзербайжандардың айтуынша, бұл жерден адам үзілмейді екен. Халықтың батырларға деген махаббатының бір көрінісі осы болса керек. Аты аңызға айналған Әзербайжанның ұлттық батыры, генерал-майор Полад Гашимов та осы аллеяда жерленген. Мұнда келушілердің қатары тіпті көп. Бірі Құран бағыштап, бірі жүрегіндегі жырмен бөліседі. Полад Гашимов майданда қарапайым сарбаздармен қатарға тұрып, Отан үшін жанын қиған. Соғыста ерлікпен қаза тапқан ұлдарын халқы ешқашан ұмытпайды, ұмытпақ емес.
Шахидтер аллеясы
Сонымен қатар, бауырлас ел үшін қан төгіп, жанын берген жерлесіміз Ербол Барымбетов туралы айтпай өткеніміз жөн болмас. Жамбыл облысында дүниеге келген отандасымыз бірінші Қарабақ соғысына қатысып, соғыста ерлікпен қаза тапқан. Публицист-жазушы, Қазақстан және Әзербайжан Журналистер одағының мүшесі, журналист Насиха Ғұмарқызы бауырлас ел үшін жанын берген Ербол Барымбетов туралы кітап жазған. Қазақ қызы бүгінде екі ел арасындағы достық пен бірлікті насихаттап, ерлігін жастарға үлгі етіп жүр. Насиха Ғұмарқызының «Карабах. Долгая дорога домой», «Ербол – шахид Карабаха» атты кітаптары осы сөзімізге дәлел.
«Карабах. Долгая дорога домой» атты кітабын таныстыруға Бакуге барғанымда шахидтер аллеясында таулы Қарабақ үшін соғыста қаза тапқан бір қазақ ұлы бар екенін біліп, зерттеуді бастадым. Осылайша Ербол Барымбетов туралы «Ербол – шахид Карабаха» атты кітап жаздым. Менің мақсатым – түркі әлемін әлемге таныту, түркі халықтарының мақсаттары бір, олар өте бауырмал екенін баршаға таныту. Әзербайжан халқына біздің Ербол туралы ұмытпай оған қамқорлық жасап, лайықты құрмет көрсеткені үшін алғыс білдіремін», деді ол. Әзербайжан елінің тұтастығы үшін күрескен қазақтың қайсар ұлына да Құран бағыштап, ары қарай жылжыдық.
Ербол Барымбетовтың қабірі
Содан соң сапарымыз Әзербайжан мемлекетінің диаспорамен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитетінде жалғасты. Комитеттің төрағасы Фуад Мурадов қонақтарға келгені үшін алғыс бірдіріп, екі ел арасындағы қарым қатынастың одан әрі нығая түсуіне тілектестігін білдірді. Ол Комитеттің іске асырып жатқан жобалары мен алдағы жоспарлары туралы бөлісті. Сонымен қатар, жиында диаспораның маңызы мен қызметі бағытында әңгіме өрбіді.
Физули және Шуша қалаларына саяхат
Сапардың екінші күні Физули және Шуша қалаларына жолға шықтық. Физули қаласында Құрманғазы атындағы балалар шығармашылық орталығына барып, орталықтың жұмысымен таныстық. Өнер орталығының жалпы ауданы – 3 100 шаршы метр. Екі қабатты ғимарат 600 адамға арналған. Бұл орталық Қазақстан Президентінің шешімімен салынған. Мемлекет басшысы қазақ халқының атынан жасалған бұл сыйлық елдеріміздің достығының, бауырластығының және өзара қолдаудың тағы бір нышаны екенін атап өткен.
Физули қаласындағы Құрманғазы атындағы шығармашылық орталығы музыка және музыкалық аспаптар, заманауи технологиялар бағытында жұмыс істейді. Сонымен қатар кілем тоқуға, қолөнерге, түрлі спорт пен хореографияға баулитын сыныптар бар. Бүгінде Физули қаласын және оның төңірегіндегі аумақтарды қайта қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ шаһардағы маңызды нысандардың бірі «Физули аэропортын» да араладық.
Физули қаласындағы Құрманғазы атындағы шығармашылық орталығы
Қазақстандағы әзербайжан диаспорасы өкілдері өздерінің бауырлас елдерге деген ыстық-ықыласын жеткізді. Маңғыстау облысындағы «Достлуг» әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Шамсадин Гусейнов те тарихи отанына сапарлап, екі ел арасындағы достықтың артуына тілек білдірді.
«Біз ұзақ уақыттан соң өзіміздің тарихи Отанымызға келдік. Баку-Физули-Шуша қалаларына сапарлап, тарихпен сусындадық. Басқыншылықтан азат етілген Таулы Қарабақтағы Шуша қаласының өткені мен бүгініне көз жүгіртіп, көңілге қуаныш орнады. Былтыр Шуша қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болды. Ал ақмаржан қаламыз Ақтау 2025 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Бұл түркі елдері арасындағы байланысты одан әрі жақсарта түседі деп ойлаймын.
Қазақ пен әзербайжан халқы бауырлас елдер, біз әрдайым бір-бірімізді қолдап келеміз. Бізді тіліміз бен дініміз, мәдениетіміз бен тарихымыз терең байланыстырады. Әзербайжандар саз аспабында шырқаса, қазақтың керемет домбырасы бар. Мұндай сапар алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл екі ел арасындағы байланыс пен достықты одан әрі тереңдете түспек. Біз тарихи Отанымыздан алыс болсақ та, Әзербайжан елі әрқашан жүрегімізде. Екі ел арасындағы достық байланыс жандана берсін дегім келеді», деді Шамсадин Гусейнов.
Таулы Қарабақ
Ал Талдықорғаннан келген «Нахчыван» әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Фахриддин Магирамов бұл сапарды ұзақ күткенін айтады. «Маған тарихи Отаныма сапар керемет әсер сыйлады. Тарихқа сүңгіп Таулы Қарабахтың тылсым күшімен тыныстадық. Табиғаттың әсемдігін сипаттауға сөз жетпейді. 18 жылдан соң Бакуге келіп тұрмын. Қаланың бүгінгі келбеті мені қуантады. Бірде Еуропа елдеріндей заманауи болса, бірде әзербайжан ұлтының тарихынан сыр шертетін тарихи қалаға айналған. Бұл сапар екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайта түседі деп ойлаймын», деді Фахриддин Магирамов.
Говхар-аға мешіті
Сапарымыз ары қарай Шуша қаласында жалғасты. Табиғаты ерекше, қойнауына тарихтың талай сырын жасырған таулы Қарабақтың әсемдігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Таулы аймаққа апарар жол бүгінде толықтай аяқталған. Тұмса табиғаты талай ақындардың жырына арқау болған Шуша қаласының әсем бейнесі алыстан менмұндалайды. Шуша – Түркі әлемінің 2023 жылғы мәдени астанасы болып жарияланған болатын. Бүгінде Шуша қаласында қайта құру, қалпына келтіру-құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр.
Бүлінген ғимараттар
Қазақстаннан келген әзербайжан диаспорасы
Алдымен Шуша қаласының орталық алаңына келдік. Мұнда Әзербайжанның әйгілі тұлғалары Натаван, Бұлбұл және Узеир Гаджибейлидің атылған ескерткіштері орнатылған. Басып алу кезінде армяндар мүсіндерді Арменияға апарып, оларды балқытқысы келген. Алайда Гейдар Әлиевтің бастамасымен бұл мүсіндер Әзербайжанға жеткізіліп, Бакудегі өнер мұражайында сақталған. Қала азат етілгеннен кейін бұл мүсіндер бұрынғы орындарына қайта орнатылды.
Әзербайжанның опера әншісі Бұлбұл
"тексерілген, мина жоқ" деп жазылып тұр
Ары қарай Шуша қаласындағы тарихи орын «Шуша қақпасы», «Говхар-аға мешітін» араладық. Сонымен қатар тау қыратындағы «Джыдыр дюзю» алаңына барып, таулы өлкенің тылсым табиғатын тамашалап, әдемі көрініске куә болдық. Қаладағы қираған үйлер мен «тексерілген, бұл жерде мина жоқ» деген жазуларды көргенде көңіліңе қорқыныш ұялайды. Алайда қазіргі уақыттағы Шуша қаласында қалпына келтіру жұмыстары көңілге қуаныш сыйлайды. Бүгінде қалада бірнеше қонақ үй, музей және мешіттер бой көтерген. Осы қарқынмен дами берсе, алдағы уақытта әзербайжандардың мәдени астанасы Шуша қаласы адам танымастай әдемілікке ие болатыны анық. Екі ел арасындағы достық одан әрі дами түссін деген тілекпен елімізге оралдық.
Баку қаласы
Мадина Керімқұл
Ақтау-Баку-Физули-Шуша сапарынан