Маңғыстау облысында экономиканы дамытудың негізгі бағыттарына өнеркәсіпті дамыту мен инвестициялар тартуды атап өтуге болады. Биыл жартыжылдықта облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары 1,4 трлн. теңгеге өнім өндіріп, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда нақты көлем индексі 102,5% құрады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz. Бұл туралы Қоғамдық Коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Едіге Мамаш хабарлады.
Спикердің айтуынша, жалпы өңірдің өнеркәсіп құрылымына сәйкес негізгі үлес тау-кен және өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
- Осы жылдың 6 айында тау-кен өндіру өнеркәсібі өндірісінің көлемі 1,1 трлн. теңгені құрады, нақты көлем индексі – 102,2% құрады, оның ішінде шикі мұнай өндіру көлемі 8,4 млн. тоннаны немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,2% болды. 2024 жылғы қаңтар-маусымда өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 129,0 млрд. теңгені құрады немесе өткен жылмен салыстырғанда 11,6% өсім байқалады. Тікелей шетелдік инвестицияларға қатысты Ұлттық Банктің деректері бойынша ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында Маңғыстау облысына 346,9 млрд. АҚШ долларынан астам инвестициялар тартылды, бұл 2023 жылдың осы кезеңінен 2,5 есеге артық. Сонымен қатар, 2024-2026 жылдар кезеңінде экономиканың түрлі салаларында жалпы сомасы 668,4 млрд. теңгеге, 1,6 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 44 жобаның іске асырылуы көзделген. 2024 жылы жалпы сомасы 52,2 млрд. теңгеден астам, 400-ден астам жаңа жұмыс орнын құрумен 17 жобаны іске қосу жоспарланған,- деді Едіге Мамаш.
Сонымен қатар, өңір экономикасын дамытудың тиімді құралдарының бірі – «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы.
Арнайы экономикалық аймақ құрылған сәттен бастап салынған инвестициялардың жалпы көлемі 328,2 млрд. теңгені құрады, 475,1млрд. теңгеге өнім өндірілді, 2 531 жұмыс орны құрылды, салық төлемдерінің сомасы 62,2 млрд. теңгені құрады, 3,85 млрд. теңгеге өнім экспортталды.
Арнайы экономикалық аймақ аумағында 52 қатысушы жұмыс істейді, оның ішінде 26 жоба іске асырылды, 26 жоба іске асырылу сатысында. Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақ аумағы 1 926 гектарды құрайды және 11 қосалқы аймақтан тұрады. Арнайы экономикалық аймақты одан әрі дамыту шеңберінде оның аумағын кеңейту және қызмет ету мерзімін ұзарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.