Mangystaumedia.kz сайты 2023 жылы аймақта іске асырылған ірі жобалардың ең ауқымды дегендерін назарларыңызға ұсынады.
1. Соңғы бес жылда Маңғыстауға 3 триллион теңгеден астам инвестиция тартылған. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 976 млрд теңге тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 44%-ға артық.
2023 жылдың басынан бері облыста экономиканың түрлі салаларында жалпы инвестиция көлемі 20 миллиард теңгеден асатын 15 инвестициялық жоба іске қосылған. Оның ішінде ет комбинаты, металл прокаты өндірісі, арнайы құрал-жабдықтар мен машиналар, темірбетон, антифриз өндірістері бар.
2. Аймақтың болашағы үшін маңызды жобалардың бірі – Маңғыстау облысында «жасыл» сутегін өндіретін зауыттың құрылысы. Жобаны Svevind Energy GmbH неміс-швед компаниясы жүзеге асыруда.
Жобаны жүзеге асыру барысында жалпы қуаты 40 ГВт болатын тұщыландыру қондырғысы, күн және жел станциялары, 2 миллион тонна «жасыл» сутегін өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Жобаны іске асыру мерзімі 2023-2032 жылдар аралығы.
3. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша “МАЭК” кәсіпорнын жаңғырту бағдарламасы әзірленді, ол тұщыту қондырғыларын, аралас циклді газ қондырғыларын және турбиналық қондырғыларды салу және кәсіпорынды толығымен жаңғырту жұмыстары. Биыл кәсіпорынның жеке қаражаты есебінен турбоагрегаттарға, қазандық агрегаттарына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең тозығы жеткен техникаларды ауыстыру үшін Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен 2,6 млрд теңге бөлінді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен жаңа жабдықтар мен бөлшектерді сатып алуға тағы 4,9 млрд теңге бөлінді.
Сондай-ақ биылғы жылы Форт-Шевченко қаласы мен Кендірлі аумағында қуаттылығы тәулігіне 5 мың текше метрді құрайтын – тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыту қондырғыларының құрылысы бойынша жұмыстар басталды.
4. Маңғыстау облысы Қазақстандағы табиғи газды ең көп тұтынатын аймақ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ағымдағы жылдың қазан айында ұзындығы 308 шақырым болатын «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының екінші желісі бойынша газ құбыры іске қосылды. Оның құрылысы облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүргізілді. Газ құбырының екінші желісінің өткізу қабілеті жылына 5,9 млрд текше метрді құрайды.