©
Бүгін Маңғыстау облыстық мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясында облыс мәслихатының бас хатшысын тағайындаудан бөлек бірнеше мәселе қаралды. Атап айтсақ, облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова 2017-2019 жж. арналған облыс бюджетіне бірқатар өзгерістер енгенінін мәлімдеді.
- Облыс бюджеті 2017 жылы 162 млрд. теңге көлемінде бекітілген болатын. Жыл басынан бері өңір қазынасы үш рет нақтыланып, нәтижесінде қазіргі күні облыс бюджетінің көлемі 176 млрд. теңгені құрап отыр, - деді ол.
Алдағы жылдары Маңғыстауда 5 ірі жоба қолға алынбақ. Олардың ең ірісі – Құрық ауылында қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр су тұшыту зауытын салу көзделген. Болжамды құны – 50 млрд теңге.
- Су тұшыту зауытына мемлекеттен қаражат бөлінбейді. Әріптестік арқасында осындай жобаны қолға алып отырмыз. Егін шаруашылығын дамытуға мүмкіндік болады, - дейді Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ, ірі инвестициялық жобаның бірі – чехиялық кәсіпкер жеке қаражатымен Ақтау қаласында "Мұз сарайын салу және пайдалану жобасы". Жоба құны – 3,8 миллиард теңге.
Биыл бюджет параметріне бірнеше өзгерістер енгізілген. Оның ішінде ағымдағы трансферттер бойынша - денсаулық сақтау саласында амбулаториялық деңгейде дәрiлiк заттарды, вакциналарды сатып алуға қосымша 170 млн.теңге бөлінген. Ауыл шаруашылығы жануарларын, техниканы сатып алуға несие беруге қосымша 21,7 млн.теңге қаражат қаралған. Ал, транспорттық инфрақұрылымды дамытуға қосымша 10,3 млрд. теңге қарастырылып отыр. Аталған қаражат «Қияқты - Тұщықұдық», «Құрық – Құрық порты» автожолын қайта құрылымдауға және «Ата жолы» тасжолынын 51 шақырымын жасауға бөлінген.
Облыс әкімі Маңғыстау бойынша салықтар толық төленбей отырғанын қадап айтты. Биылғы жылы Бейнеу және Мұнайлы аудандары ғана жоспарды толық орындаған. Жыл аяғына дейін Ералы Тоғжанов Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандарына салық төлеу мәселесін толық шешуді тапсырды.
Облыста құны 4 млрд. теңгеден асатын 9 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы іске асырылып жатыр. Атап айтсақ, Ақтау қаласында 225 пәтерлік тұрғын үй, барлығы 1260 орындық 5 балабақша мен облыс орталығында 3 спорт залдың құрылысы жүргізілуде. Биыл 4 балабақша және бір спорт залы пайдалануға берілетін болады. Облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ілмұханбетова жиында тағы жалпы құны 57 млрд. теңге болатын 7 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын ұсынды.
Сессия соңында аталған жобаларға депутаттар қолдау білдірді. Халықтың тұрмысына жобалардың оң нәтиже беретіні анық. Бұл - әзірге уақыттың еншісінде.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН