Жуырда Жаңаөзен қаласында алғаш рет «Кәсіпкер әйелдер- Маңғыстау аймағының тұрақты дамуының сенімді тірегі» атты Іскер әйелдер кеңесінің 2-форумы өтті. Оған республикалық Атамекен ҰКП кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова, Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Жаңаөзен қаласы және Маңғыстау облысындағы барлық аудандарында түрлі салаларда қызмет етіп, өз істерін жетік меңгерген қыз-келіншектер қатысты. Мұнайлы қалаға келген қатысушылар бұл күні «Ақниет» салтанат сарайында бас қосып, жеке кәсіпкерліктің дамуы төңірегінде пікір алмасып, пікірталас алаңын өткізді.
Қоғамның қай саласында болмасын әйелдер қауымы ерлермен тең дәрежеде иық тіресіп, еңбек етіп жүргені жасырын емес. Отбасында аяулы жар, мейірімді ана, ал жұмысына келгенде өте тиянақты әрі білгір маман ретінде танылған нәзік жандар да бүгінде аз емес. Олардың бәрін өмірде әрқашан белсенді болу ұстанымы біріктіреді.
Бүгінде дағдарысқа қарамастан, елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға, бизнес субъектілерін барлық мүмкіншіліктермен қолдауға зор мән берілуде. Соның нәтижесінде өз кәсібімен айналысатын әйелдер саны жылдан жылға артып келеді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесі соңғы кездері әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамытуға барынша ықпал етуде.
Форумға қатысушылар жиын басталмастан бұрын алдымен арнайы дайындалған көрмемен танысты. Көрмеге «Бексұлтан» кондитерлік цехы, сүт зауыты, өндірістік қолбақ цехы, «Венера» тігін цехы және басқа да кәсіпкерлер қатысты. Көрмеге бірінші рет қатысқан жас кәсіпкердің бірі Бану Ізтұрғанова. Ол жұмсақ қуыршақтарды жасағанды жақсы көреді екен. –Мен бала тәрбиесімен айналысып үйде отырған жас анамын. Мектеп, университет оқып жүрген кезімде тоқуды үйрендім. Қазіргі таңда үйден қуыршақтарды тоқып тапсырыс аламын. Қуыршақтарды таза жіп пен мақтадан тоқимын. Балаларға ешқандай зияны жоқ. Осы көрмеге қатысып, мемлекет тарапынан қандай көмек бар екенін білгім келеді. Мұндай көрме жас кәсіпкерлердің жан жақты дамуына мүмкіндік береді,-дейді Бану.
«Қыз-келіншектер мен апа, әжелерге арнап ұлттық киімнің барлығын өзім тігемін. Клиенттің сұранысы бойынша қайталанбайтын ою-өрнекті кітаптардан қарап саламын. Өзім оюды салып, тігемін. Алдағы уақытта қасыма көмекші қыздарды алып, мемлектеттік бағдарлама арқылы кәсіпкерлігімді дамытқым келеді,-дейді көрмеде көзге түскен жас кәсіпкер қыздардың бірі Салтанат Имашева. Ол қаладағы мектеп лицейді бітірген соң, Алматы қаласындағы «Сымбат» сән академиясында киім дизайнері мамандығы бойынша жоғары білім алған. Үйінде тапсырыс қабылдап, жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніне үш жыл болыпты. Көрмеге қатысқан «Ақотау» тігін цехының өнімдері де қатысушыларды қызықтырды. Қыздың жасауын түгел тігетін Жәмила мен Эльмира 2004 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып келеді.
«Кәсіпкер әйелдер- Маңғыстау аймағының тұрақты дамуының сенімді тірегі» тақырыбындағы басқосуда келелі ой-пікірлер ортаға салынды. Форум шеңберінде ҰКП Атамекен секретариаты жетекшісі Ләззат Рамазанова, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Рақымбек Әміржанов, облыстық ҰКП Атамекен кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова, Мұнайлы аудандық іскер-әйелдер Кеңесінің төрайымы Гүлжанат Қонысбаева, қалалық іскер әйелдер Кеңесінің мүшесі Ақнабат Кенғанова, Жаңаөзен қаласы бойынша Кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер Кеңесінің төрайымы Тілектес Болатбаева баяндама жасады. Кеңес төрайымы Ләззәт Керімқұлқызының айтуынша, құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да, Іскер әйелдер кеңесі үлкен жетістіктерге жеткенін, әйелдер кәсіпкерлігі – шағын және орта бизнестің ерекше бағыты болып табылатындығына, әйелдерді бизнеске белсенді тарту арқылы олардың экономикалық жағдайын жақсарту, әйелдер арасында жұмыссыздықты азайту, қоғамның орнықты орта табын қалыптастыру негізге алынатындығына тоқталды.
- Ләззат Рамазанова – республикалық "Атамекен" ҰКП кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы: -Жаңаөзенде үлкен мереке Маңғыстау облысының іскер әйелдер кеңесінің 2-ші форумы өтіп жатыр. Әр өңірден келген кәсіпкер әйелдер бар. Бүгінде үйде отырған қыз келіншектер көп дейміз. Өз ісін бастай алмай отырған әйелдер ауылдық жерлерде жетіп артылады. Біздің бар мақсатымыз - соларға істерін бастауға ықпал беріп, қолдау көрсету. Ең бірінші сөз көмек, артынан қаржы көмек керек. Қаржылық көмектен бөлек олардың ішкі күш-жігерін қолдау керек. Оған арнайы семинарлар мен дәрістер елеулі күш береді. Бұл бағытта біз аудандарда және ауылдық жерлерде белсенді жұмыстар жүргізудеміз. Жаңаөзен қаласында 8 мыңдай кәсіпкер бар, соның 3 мыңнан астамы әйелдер.
Форум аясында Астана қаласынан келген тәжірибелі спикер Медер Аматов «Әйелдер кәсібінің ерекшелігі. Маркетинг және жылжу. Шағын бюджетті маркетинг» тақырыбында бизнес-семинар өткізді. Ләззат Рамазанова «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атынан бірқатар кәсіпкер әйелдерді Алғыс хатпен марапаттады. Өңірлік кәсіпкерлік палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер қауымдастығы қыз-келіншектердің жұмыс жасайтын саласына басымдылық жасап отыр. Мәселен, ағымдағы жылдың ақпан айында «Маңғыстау облысының сәнгерлер ассоциациясы мен «Интерьер және декоратор дизайнерлер» ассоциациясы құрылған болатын. Ендігі меже, «Гильдия кондитерлері мен «Кәсіпшілер одағын» құру жоспарланып отыр. Айталық облыста 648 мың тұрғын болса, оның 328 мыңы әйел. Ал, ауылдық жерлерде өз кәсібін дөңгелетіп отырған әйел кәсіпкерлер аз. Өткен жылы әйел кәсіпкерлердің 190202 теңгені құрайтын 23 жобасы мақұлданған болатын. Қазіргі таңда 23 жобаның 20-сы қаржыландырылды. 7 жоба-мал шаруашылығы, наубайхана, кондитерлік өнім дайындау, балабақша ашу мен көлік қызметін көрсету, тігін цехын ашу қарастырылған.
Кәсіпкер болу әр адамның маңдайына жазылған несібе деп айта алмаймыз. Десек те, өз мүмкіндігіне сене білген, алға ұмтылған әр азамат небір сыннан сүрінбей өтіп, биік белестерді бағындыра алады. Көпке танымал тұлғалардың өмір жолдары бұған мысал. Ал, айталық, бизнес әлемінде емін-еркін кәсіптеніп, өз ісіңді нәсіп ету үшін не істемек керек? Үйренуден жалықпай, оқып-машықтану, іздену, білім алу, тәжірибе жинақтау – біздіңше, ең басты қағидаттар осы...
Гүлсім МҰРЫНОВА