Алматыда бес азамат өмірін қиған қайғылы оқиға халықтың қаржылық сауатын көтеру маңыздылығын, жағымсыз салдарсыз банктен несие алу жолдары жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру секілді аса өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығарды. Банктен үлкен соммада несие не микроқаржы ұйымдарынан шағын қарыз алу еңбекке жарамды халық үшін қалыпты үрдіске айналғалы қашан?!
Мойнында берешегі жоқ жанды кезіктіру де мүмкін емес. Біздің қоғамда банктен, не кез келген қаржы ұйымынан қапелімде қарыз арқалау аса оңай дүние. Жеке куәліктен өзге ресми құжаттарды қажет етпейтін мұндай ұйымдар ақшадан тарыққан жанға жоғары пайыздық мөлшерлемемен қаражатты лезде табыстайды. Бұл процеске сүт пісірім уақыт кетеді. Яғни оңай, тез әрі қолжетімді. Қолы қысқа жан қаржылай қиындықтан құтылуды көздеп, осы қызметке жүгінуге асығады. Қас пен көздің аралығында қаржы ұйымдарының «қақпанына» топ еткен борышкерлер тізімі осылайша толыға түседі. Бұның дау-дамай мен қайғылы оқиғалардың орын алуына сеп болар тосын салдары күні бүгінге дейін ешкімді ойлантпаса керек. Мәселені терең қаузасақ, шағын қаржы ұйымының құйтырқы қызметіне жүгінген жастар қаржылық сауатының таяздығынан сан соғып қалуда. Жауапсыз әрі алаңсыз халықты тығырыққа тірер түйткілді мәселеге тап келмес үшін әрі жылдар бойы қаржы ұйымдарына жем болудан сақтандыру мақсатында Маңғыстау облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Айзат Жайлауұлы және атқарушы өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Жария Бекболқызы жастармен кездесу өткізді. Ақтау қалалық қоғамдық даму орталығы ұйымдастыруымен өткен басқосуда микроқаржы ұйымдарының қызметі, құрылымы, берешекті өндіру үдерісі турасында сөз қозғалды.
«Бүгінде әр алуан жолмен микроқаржы ұйымдарынан несие алатын жастар саны артып келеді. Егер микроқаржы ұйымдарына борышкер төлемді уақытылы жүргізбесе, заң аясында берешек мәжбүрлі түрде өндіріледі. Бұл жеке сот орындаушылардың негізгі міндеті. Біз әр алуан өмірлік жағдаяттармен бетпе-бет келіп жатамыз. Қарызды дер кезінде өтемеу нәтижесінде жоғары пайызбен өсімақы үстемеленеді. Бұл әрине борышкер қалтасына түсетін ауыр салмақ. Сондықтан қандай жағдайда да несие рәсімдемес бұрын келісімшарттағы міндеттемелермен жан-жақты танысып, отбасы не жеке бюджетіңді дәлдікпен жоспарлау аса қажет. Жалпы жастарға айтарым, әлемдік бизнес серкелері несие алудан бойды аулақ ұстауға кеңес береді. Жоғары не орта арнаулы оқу орындарының студенттері несиені уақытылы өтемесе, ай сайынғы шәкіртақыдан қағылуы мүмкін», деді Айзат Жайлауұлы.
Ал Жария Бекболқызы табыс көзін дәлелдейтін құжатты талап етпейтін қаржы ұйымдары жастарға жөн-жосықсыз несие рәсімдеуге мүмкіндік беріп отырғанын айтты.
«Маңғыстау облысы бойынша шағын несие алған әрі өз еркімен төлей алмай, қарызды мәжбүрлі орындауға жолданған борышкерлер саны 40 мыңға жуықтайды. Несие сот шешімімен төленсе, жеке сот орындаушының қызмет ақысын өтеу міндеті борышкердің мойнына ілінеді. Жеке сот орындаушысы борышкерге қатысты мәжбүрлі орындату шараларын қолдануға құқылы. Бұл оның қызметтік міндеті. Несиені өтемеу банктердегі есепшоттарды бұғаттау, қарыз соммасына байланысты борышкер меншігіндегі бірінші қажеттілікке жатпайтын мүліктер тәркілеу, әкімшілік қылмыстық жауапкершілікке тарту секілді жағымсыз оқиғалардың орын алуына сеп болады. Микроқаржы ұйымдарында банктер секілді ең минималды төлем мөлшері болады. Борышкер ең кемі соны өтесе, мәжбүрлі орындауға жолданбайды. Қазіргі таңда ғаламтор кеңістігінде онлайн режімде алаяқтық жолмен шағын несиені рәсімдеу деректері жиі анықталуда. Бұны анықтау үшін құқық қорғау органдарына арызданып, тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Біздің тәжірибеде банк алдындағы берешегі толық өтелсе де, мәжбүрлі орындауға жолданған жеке тұлғалар жиі кездеседі. Ол үшін кез келген қарызды қайтарған соң қаржы ұйымы тарапынан берілетін анықтама немесе есепшотты үш жыл мерзім ішінде дәлел ретінде сақтап қою керек», деп атап өтті Жария Бекболқызы.
Кездесуде студенттер тарапынан шағын несиелерді өтеу барысында туындайтын мәселелер жөнінде сауалдар қойылды.
Голрох Жеменей