Бұл туралы «Халыққа көмек» қоғамдық штабы хабарлады.
Қарақия ауданының кәсіпкерлері мен белсенді азаматтары аудан ауруханалары мен стационарларының қажеттілігі үшін 1 млн 34 мың теңгеге дәрі-дәрмек, 4 пульсоксиметр және 1 дана инфрақызыл термометрлерін табыстады. Бұдан бөлек, аурухана мен стационардың жұмыстарын реттеу мақсатында қажетті материалдық, азық-түлік және басқа да күнделікті туындаған мәселелер аудан әкімшілігі, кәсіпкерлер мен белсенді азаматтардың ынтымақтастығы арқасында дер кезінде шешімдерін табуда. Бұл шараларды үйлестіру мәселелерінде «Халыққа көмек» қоғамдық штабтың аудандағы өкілдері Жаңғабыл Қалаубай және Серікқали Ыбыраев мырзалардың да үлестері зор.
Құрық аулындағы провизорлық стационарға ауыл азаматтары мен кәсіпкерлері науқастарға көмек ретінде жинаған 233 700 теңгеге қажетті дәрі дәрмектер мен 1 дана қоғамдық штаб атынан берілген тепловизор, жалпы сомасы 250 200 теңгеге көмек табысталды. Орталық штаб мүшесі Жаңғабыл Қалаубай, аудандық маслихат депутаты Қ. Көшенов, ауыл азаматтары Б. Байбозов, Қ. Рахметовтер шараға белсенді атсалысуда.
Жетібай аудандық ауруханаға Жетібай азаматтары мен кәсіпкерлері атынан 800 525 мың теңгеге 13 түрлі қазіргі сұраныстағы дәрі-дәрмек және тепловизор табысталды. Қазіргі таңда аурухананы оттегі баллондарымен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі толықтай шешіліп, ол жұмыстарға «Жетібаймұнайгаз», «Oil Service Company» мұнай компанияларымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер де күніне 20 оттегі баллондарын жеткізіп беру арқылы көмектесуде.
Бұдан бөлек жергілікті ауыл-шаруашылықпен айналысып жүрген кәсіпкерлер ауруханада жатқан науқастарға және дәрігерлерге күнделікті сүт, шұбат және жаңа сойылған ет өнімдерін жеткізіп беруді қолға алып отыр. Сондай-ақ, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, аурухана қажеттілігін ескере отырып, қосымша орындарды жабдықтау, жөндеу жұмыстарына қажетті құрылыс материалдары жеткізілді.
Штаб өкілі Серікқали Ыбыраевтың бастамасымен қазіргі таңда 2 500 бетперде (маска) Жетібай ауылының халқына аурухана мен дәріханалар арқылы тегін таратылуда.