Жаңаөзен қаласының 651 тұрғыны өңірлік «Жұмыс жасаймын» жобасы аясында жұмысқа орналасты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
«Жұмыс жасаймын» жобасы еңбек нарығындағы шиеленісті шешуге және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында 2021-2023 жылдарға арналып іске қосылған. Жоба аясында өңірдің жұмыссыз тұрғындары тұрақты жұмысқа орналасады. Жобаның ережесі бойынша алғашқы жылы айлық жалақы халықты жұмыспен қамту орталығы есебінен төленеді. Ал екінші жылы жобаға қатысушының жалақысының 70 пайыз мөлшерін халықты жұмыспен қамту орталығы, 30 пайызын жұмыс беруші төлейді. Үшінші жылы жалақының 30 пайыз мөлшерін жұмыспен қамту орталығы, жұмыс беруші 70 пайызын төлейді.
Жұмысқа орналасқандар қатарында Бауыржан Ялгашов та бар. Өңірлік бағдарламаның арқасында көпбалалы әке, бүгінде Жаңаөзен қаласындағы бояу және жинақтау цехында білікті мамандардың бірі болып отыр. 1 жыл бұрын жұмыссыздықпен кезекте тұрған шеберге мемлекеттен көңілден шығатындай өз қалауындағы жұмыс ұсынылған.
-1 жылдың көлемі болып қалды, «Жұмыс жасаймын» жобасының арқасында өзіме қажетті, көңілімнен шығатын әрі халыққа пайдасы бар жұмысқа орналастым. Жаңаөзен жігіттерімен бірге кез келген темір есік түрлері мен мебель жинақтарын өз қолымыздан жасап шығарып келеміз. Бұл біз мақтанып айта алатындай үлкен жетістік. Себебі, тек жұмыс жасап қана қоймай, өңірге де пайдамызды тигізіп жатырмыз. Сол үшін ерекше қуаныштымын. Айлық табысым да 4 баламды бағуға, керек жарағымды алуға да жетеді. Жасаймын деген азаматтардың екі қолына бір күрек табылып жатыр. Соның өзі бізді қуантады, - деді Бауыржан Ялгашов.
Бұдан бөлек, жаңаөзендік Гаухар Шаңдиева да өңірлік бағдарлама арқылы тұрақты жұмыс тапқан. 2 жыл бойы жұмыссыз жүрген ол, бүгінде балабақша тәрбиешісі болып қызмет етеді.
-Осыдан 2 жылдан бері бүлдіршіндерге тәрбие беріп, олардың тұлға болып қалыптасуына үлесімді қосқым келді. Жұмыспен қамту орталығына барып, өзім ұнататын, өзім армандаған жұмысқа кіруге бел будым. Маған дер кезінде қажетті қызмет пен жеткілікті айлық табысымды табуға «Жұмыс жасаймын» жобасы көмектесті. Сол себепті, жұмыссыз азаматтарға мемлекет ұсынған мүмкіндікті дұрыс пайдалануға кеңес бергім келеді, - деді Гаухар Шаңдиева.
«Жұмыс жасаймын» жобасының аясында жаңаөзендік Шолпан Қақабаева да жұмысқа орналасқан. Ол өзіне уақыты ыңғайлы әрі лайықты жалақыға бағдарлама аясында қол жеткізгенін айтады.
-Ет өнімдері дүкенінің сатушы қызметінде жүргеніме 8 ай болды. 4 ай арнайы оқудан өтіп, емтихан арқылы осы жұмысқа орналастым. Жасап жатқан қызметім толықтай көңілімнен шығып жатыр. Оның үстіне ұжымдастарымның 95%-ы «Жұмыс жасаймын» бағдарламасы арқылы келгендер. Жаңаөзен қаласында жұмыссыз азаматтар көп болғандықтан, бұл жоба керемет мүмкіндік деп есептеймін, - деді Шолпан Қақабаева.