Биыл Маңғыстау облысында мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға 762 млн. теңге бөлінді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме беріп.
Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығының басшысы Мұқаш Оралбайдың айтуынша, қазіргі таңда өңірде 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны – 232 994 адам. Сондықтан да ол жастар мәселесіне терең көңіл бөлініп жатқандығын айтады.
- Жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында 3 басым бағыт белгіленіп отыр. Алғашқы бағыт бойынша жастардың мәселелеріне қатысты жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылады. Екінші бағыт жастар ресурстық орталықтарының қызметін жүйелендірсе, үшінші бағыт бойынша жастар ұйымдарына көмек көрсетіледі, - деді Мұқаш Оралбай.
Аймақта 5 аудандық, 1 қалалық, 1 облыстық жастар ресурстық орталығы бар. Алайда аталған орталықтар жастарға арналған заманауи ғимаратпен қамтамасыз етілмеген. Мұқаш Оралбайдың айтуынша, өңір басшысының тапсырмасымен бір үлгідегі типтік ғимарат үлгісі бекітіліп, аймақта барлық жастар ресурстық орталықтарын жеке ғимаратпен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмек. Мәселен, биыл облыстық жастар ресурстық орталығының балансына жеке ғимарат берілді. Жаңаөзен қаласында жастар орталығы қайта ашылса, ал Қарақия аудандық жастар ресурстық орталығы орналасқан ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жастар игілігіне пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ Мұқаш Оралбай өңірдегі NEET санатындағы жастарға биыл ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.
- NEET санатындағы жастарға оқу оқымайтын, жұмыс та істемейтін жандар кіреді. Бұл санаттағы жастар өңірдегі жастардың 7,0% құрап отыр. Оларға адрестік жұмыс жүргізу, жастарға арналған бейресми білім беру бағдарламалары, жастарға және жастар ұйымдарына әлеуметтік көмек көрсету бойынша нақты жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар тегін тіл курстары, SMM, мобилография бойынша шеберлік сағаттар мен ворк-шоптар ұйымдастырылады, - деді өңірлік жастар ресурстық орталығының басшысы.
Биыл облыста жастар кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған гранттық қаржыландыру көлемі 25 миллионнан 250 миллион теңгеге артып, 163 жас 2,5%-бен 5 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады.
Сонымен қатар, биыл өңірде алғаш рет «Маңғыстау жастары» тұрғын-үй бағдарламасы және жастардың әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсетуге бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасы жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ грант қаржысы есебінен биыл өңірдегі үкіметтік емес ұйымдар жастарға арналған 11 әлеуметтік жобаны жүзеге асырады.
Қоғам дамуы мен жастар саясатын жетілдіруге септесіп жүрген жандардың бірі- Әлия Исаева. Ол «Әуесқой жастар арасында жастар театрын құру» грантын жеңіп алып, «JasArt» театрын 2022 жылы құрған.
- Бүгінде театрымызда 50-ге жуық әртіс, репертуарымызда 5 спектакль бар. Былтыр бұл 5- еуі де өз мәресіне жетті. Биылғы жылы 10 млн теңге сомасында қаржы бөлініп, 3 спектакль дайындадық. 5 мамыр күні Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» қойылымының премьерасында 14-25 жас аралығындағы 10 актер сахнада өнер көрсетті. Алда әлі де 2 спектакліміз бар,- деді Әлия Исаева.
Режиссер Әлия Исаеваның айтуынша, мұндай қойылымдар жастарды ойландырып, дұрыс бағытқа жетелейді. Мәселен «Беу, қыздар-ай» комедиясында қаланың сымбатты үш жігіті жар іздейді. Доцент, ақын, суретші бола тұра, ауылға айдай сұлу Айсұлу үшін оралады. Соңында үш мықты маман да ауылда қалады. Режиссер негізгі идеясы- шетелде білімін жетілдірген жастар ең алдымен өз ауылына келіп, оның өркендеуіне қолдау танытуы.