Жаңаөзенде ең алғашқы мұнай фонтаны 1961 жылы алынды. Сол уақыттан бері мұнай өндірісіне қажетті ұңғымалар Кеңес одағы елдерінен, кейін шет елдерден сатып алынып отырды. Алдағы уақытта “Өзенмұнайгаз” АҚ импортқа деген тәуелділіктен арылуды қолға алуды көздеп отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жаңаөзенде құрастырылған қос тербелмелі қондырғы Өзен кен орнында сынақтан өтуі үшін пайдалануға берілді. Алғашқы рет жергілікті өндіріс тәжірибесінің сынағы ретінде 2 дана Тм80-3-37 типті тербелмелі қондырғысы №1 және №2 Мұнай газ өндіру басқармасы аумағына орнатылды.
Сынақ тексерісінен өткізу шарасында Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов пен «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай аталмыш қондырғыны іске қосу рәсімін жасады.
– «Testcom Caspian» ЖШС 2022 жылы «Өзенмұнайгаз» компаниясынан шыққан ескі тербелмелі қондырғыларды өңдеп, жаңартып, өндіріске пайдалану ұсынысын айтқан болатын. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жергілікті кәсіпкерге қолдау ретінде бұл ұсынысқа оң көзқарасын танытып, бірігіп жұмыстануға шақырды. Нәтижесінде Жаңа жыл қарсаңында игі іс жүзеге асып отыр. Алдағы уақытта жемісін көреміз деген ниеттеміз, – деді қала әкімі.
Айта кетейік, Жаңаөзеннің 114 тұрғынын жұмыспен қамтып отырған серіктестіктің бұл жобасы кем дегенде 6 ай уақыт сыналып, тиімділігі бағаланбақ.