© Көрнекі сурет интернеттен алынды
Жаңаөзенде мұнай мен газ өндірісіне қажетті жабдықтар өндіретін зауыт құрылысы жалғасуда. Қазіргі уақытта зауыттың периметрі бойынша қоршау салу, ауыз су, газ және электр қуаты желілерін тарту секілді негізгі жұмыстар орындалды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Болашақ зауыттың іргетасы биыл сәуір айының соңында қаланған еді. Жоба «ҚазМұнайГаз»компаниясының Жаңаөзенде мұнай-газ жабдықтары өндірісін құру арқылы инвесторларды тарту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Сол кезде жоба жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтып, өңір экономикасын әртараптандыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Компанияның мәліметінше, зауыттың эскиздік жобасы «Жаңаөзен қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ-де орындалды және келісілді. Қазіргі уақытта асхана, ӘТК, БӨП, жатақхана және негізгі цехтың іргетасы қаланды. Сонымен қатар, кірме автожолды тығыздау және тегістеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ауыз су құбырына қосылу, құрылыс қалашығына дейін сумен жабдықтау желісін жөндеу жүргізілді, зауыттың периметрі бойынша қоршау салынды. Басқа да бірқатар қажетті жұмыстар орындалды.
- Қазіргі уақытта алаңішілік желілер мен сыртқы инфрақұрылым нысандарының жобасын әзірлеу жүргізілуде. Оны шілде айының ортасына дейін аяқтау жоспарланып отыр, ал осы айдың соңына дейін негізгі цех жобасына ведомстводан тыс сараптама жүргізу аяқталады. Қазір модульдік блоктарды дайындау және зауыттың қосалқы ғимараттарының іргетасын монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді зауыт өкілдері.