Бүгін облыстық онкологиялық диспансерінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің, Қарақия ауданы бойынша Шекара басқармасы мен Жағалу күзеті І дивизионының жеке құрамы онкологиялық ауруларды алдын алу және ерте кезеңінде емдеу мақсатында арнайы ауқымды тексеруден өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР ҰҚК Шекара қызметінің МО Департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әскери қызметшілерді онкологиялық тексеруден өткізу таңғы сағат 09:00-басталып, түскі сағат 13:00 дейін жалғасты. Еліміздің шекарасын кірпік қақпай күзетіп, үнемі тас түйін дайындықта жүретін жандардың денсаулығы мен өмірі үнемі басты орында тұрады дейді шараны ұйымдастырушылар.
- Бұл шара Департамент пен Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы арасындағы келісімдердің арқасында, «Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы қарап-тексерулерді өткізудің қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-174/2020 бұйрығы негізінде жүзеге асырылды. Онкологиялық алдын-ала тексеруден өткендердің жалпы саны 120 әскери қызметшіні құрады. Олардың ішінде онкологиялық сақтықты талап ететіндер анықталмады.
Медициналық қарап-тексерулер аясында шекарашыларға ақысыз негізде онколог, маммолог, уролог дәрігер мамандарының кеңестері, көрсетілімдер бойынша ультрадыбыстық зерттеулер мен компьютерлік томогрфия қызметтері көрсетілді. Сонымен қатар, келушілерге онкологиялық аурулардың алдын алу мен оларды уақытылы анықтау жолдарымен таныстыратын танымдық сағат өткізілді. Алдағы уақытта осындай ауқымды тексерістерді тағы да ұйымдастыру жоспарланып отыр, - дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің қызметкері Темірлан Саматов.
Атап айтқанда, 28 адам ультрадыбыстық зерттеуге, 9 адам цитологиялық тексеруге жіберіліп, 38 адам төмен дозалы КТ және 7 адам маммография аппаратына түсіп, мамандардан тегін ақыл-кеңес алды. Уролог маман қызметіне 54, гинекологқа 13, онкологқа 73 және маммологқа 12 әскери қызметші жүгінді.