Жаз мезгілі – көптің асыға күтетін маусымы. Ақтаулық тұрғындар күн ысыған сәттен теңізге асығып, күнге қыздырынады. Дегенмен, қала асып, шет елге шығатындар да жетерлік. Mangystaumedia.kz тілшісі биылғы жазда маңғыстаулықтардың ел ішінде және шет елдерде қай жаққа жиі аттанғанын анықтап көрді.
Әлеуметтік желі беттерін ашсаң – жазғы демалыста жүрген бір танысыңды көруге болады. Ел ішінде көп сұранысқа ие қалалар арасында Алматы, Астана, Ақтөбе және Көкшетау мен Түркістан бар. Теңіз жағасында өскен маңғыстаулықтар биік таулар мен жасыл желекке оранған қалаларға жиі аттанатыны белгілі болды.
«Жыл сайын отбасымызбен көлікке отырып, Қазақстандағы қалаларды аралаймыз. Биылғы басты нүктеміз – Астана болған. Астанаға жақын болғандықтан, Бурабайды көрмей кете алмадық. Жұмбақтас, Оқжетпес сияқты ерекше орындарды балаларға көрсетіп, сұлулығына таңданып қайттық. Теңізді көріп өссек те, жасыл шөп, биік таулар бізде жоқ қой. Сондықтан күн жылыған сәтте бірден жолға дайындалу – отбасымыздың дәстүріне айналды. Осыған дейін Түркістан, Тараз, Оралда да болғанбыз. Ең жиі баратын қала – Алматы, жылдың кез келген мезгілінде барып тұрамыз»,- деп бөлісті ақтаулық Нуримановтар әулеті.
«Біздің турагенттікте Қазақстан ішіндегі қалаларға арнайы турлар жоқ. Дегенмен ел ішіндегі бағыттарға теміржол және авиа билеттерін сатамыз. Маңғыстау тұрғындарының жаз мезгілінде жиі аттанатын 3 қаласы – Алматы, Астана және Ақтөбе қалалары. Бұдан бөлек Ақтаудағы Tetysblu тематикалық аквапаркі мен Rixos Water World Aktau-ға да сұраныс көп»,- деп бөлісті «Табыс жолы» турагенттігінің басшысы Гульжайнат Тағаниязова.
Ал шет елдерге тоқталар болсақ, тұрғындар арасында Түркия, Грузия, Біріккен Араб Әмірліктері, Таиланд пен Египет ерекше сұранысқа ие. Бұдан бөлек көршілес қала Бакуға демалысқа кететіндер де жетерлік.
«Жаз мезгілі басталғалы маңғыстаулық туристер Түркия мен Грузияға жиі баруда. Отбасымен бірқалыпты демалыс өткізгісі келетін тұтынушыларымыз Түркиядағы Антальяға, Грузиядағы Саирме, Боржоми қалаларындағы демалыс орындарын таңдайды. Ал қала аралап, саяхаттағысы келетін туристердің таңдауы Стамбул, Баку, Тблиси, Батуми және Кутаиси»,- деп бөлісті «Табыс жолы» турагенттігінің өкілдері.
Турагенттік мамандарының айтуынша, отбасылы адамдар көбіне пассив демалыс таңдайды. Сондықтан қала тіршілігінен шалғай орналасқан демалыс орындарына жиі барады. Ал жастар жағы белсенді демалысты қалап, бір сапар барысында көршілес бірнеше қаланы аралап үлгереді. Дегенмен, демалысқа аттанушылардың дені бір аптаға ғана баратын көрінеді. Мамандар 10 күндік демалысты таңдайтын тұтынушылар сирек кездесетінін де атап өтті.