Өмірзақ ауылының «Ақ желкен» тұрғын үй массиві маңындағы теңіз жағалауында «Армысың, әз-Наурыз» мерекелік шарасы өтті. Наурыз тойына қала және ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында ұлттық ойындар ойналып, келіндер арасындағы байқау және мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Теңіз жағасында жеті киіз үй тігіліп, келушілерге ақ дастархан жайылды. Наурыз тойында болған тұрғындар қазақ күресі, гір көтеру, ләңгі тебу, қол күресі, қой көтеруге қатысты. Сондай-ақ, садақ ату жарысы да ұйымдастырылды. Сайыста алты топ бақ сынады. Мерекелік шараға Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев қатысып, тұрғындарды наурыз мерекесімен құттықтады.
-Наурыз - игі бастамалар мен ізгі амалдар жүзеге асырылатын, халықты ауызбіршілік пен татулыққа шақыратын мереке. Осы жылымыз берекелі және қуанышқа толы болсын. Облыс әкімінің қолдауымен қаламызда әлеуметтік инфрақұрылым жылдан жылға дамып келеді. Бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бұл жұмыстар халқымыздың бірлігі мен ынтымақтастығының арқасында жүзеге асырылып жатыр. Татулығымыз мен ауызбіршілігіміз мықты болсын деп тілеймін. Жыл құтты болсын!, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Мерекелік жиын ақтаулық өнерпаздардың концертіне ұласты. Кеште «Абай» мәдени-демалыс кешенінің өнерпаздары театрландырылған қойылым көрсетті. Концертте Гүлжанар Рафхатова және Еркежан Қасымова «Наурыз», Айару Қимағанбет, Дильназ Сәдуақас «Ұлы дала» әнін орындады. «Жорға» би ансамблі «Гүлдер», «Настроение» би ансамблі «Ерке» биін биледі. Ауыл тұрғындары өткізілген наурыз тойынан алған әсерімен бөлісті.
-Мерекелік шара жоғары деңгейде өтті. Жастар ұлттық ойындар ойнап, келіндер арасындағы байқауда ұлттық салт-дәстүрлеріміз дәріптелді. Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деді ауыл тұрғыны.
Спорттық жарыстардың қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен және медальдармен марапатталды.
Атап айтқанда:
Жастар арасында қазақ күресі -65 кг салмақ дәрежесінде
І орын - Диас Құралов
ІІ орын - Ербол Елеусізов
ІІІ орын - Құрманғазы Бимұрза
Ересектер арасында қазақ күресі +65 кг салмақ дәрежесінде
І орын - Жеңіс Айтқұл
ІІ орын - Ислам Мусаев
ІІІ орын - Рауан Али
Садақ ату
І орын - «ARлан» тобы
ІІ орын - «ARстан» тобы
ІІІ орын - «ARcher» тобы
Гір көтеру
І орын - Саламат Ерпанов
ІІ орын - Асланбек Қонақбаев
ІІІ орын - Бақытжан Малшыбаев
Ал қой көтеру жарысында Самат Сапарбай жеңімпаз атанды.