Мұнайлы ауданының әкімі Ержан Күмісқалиев Қызылтөбе, Батыр, Маңғыстау ауылдарында салынып жатқан білім ошақтарының құрылыс барысымен танысып шықты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Биыл Қызылтөбе ауылындағы 1200 орындық мектеп және Батыр, Маңғыстау ауылындағы «Жайлы мектептер» қолданысқа берілуі мүмкін.
Айта кетейік, ауданда үш ауысымды оқуды жою мақсатында бірнеше мектеп салынып жатыр. Оның бірі - Қызылтөбе ауылындағы 1200 орындық мектеп. Мердігер мекеме - Альянс ЛТД. Ал, Батыр (Хазар, Самал) және Маңғыстау ауылдарындағы жобаларға «Альянс ЛТД», «AС Құрылыс»,«Antarium group» ЖШС мекемелері жауапты.
«Барлық мектептің құрылысы 50% салынып тұр. Қазіргі таңда қалған бөлігін тұрғызу қарқынды жүзеге асып жатыр. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жұмыс барысында ешқандай мәселе жоқ. Аудан әкімдігі тарапынан құрылыс жұмысы қолайлы жүруі үшін барлық жағынан қолдау көрсетіліп жатыр», - деп жазылған аудан әкімдігін таратқан ақпаратта.