Yessenov University «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ауешова Бағдат Тілектесқызы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. Бұл атақ – профессор-оқытушылар үшін зор мәртебе. Мерейі үстем болған әріптесімізді құттықтай отырып, жеңіске жеткізген жетістіктері туралы жариялауды жөн көрдік.
Бағдат Ауешова Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік Ұлттық университетінің тарих мамандығын (1996) және Д.А. Қонаев атындағы Гуманитарлық университетін заңгер мамандығы бойынша (2000) оқып бітірген. 2005 жылдан бастап аспирантурада мемлекетіміздің құқықтық реформаларының саясаты бағытында ғылыми ізденісін жүргізіп, 2006 жылы диссертациясын сәтті қорғап, заң ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болады.
Ол еңбек жолын 1996 жылы Талдықорған қаласындағы №15 орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. 1999 жылы Алматы қаласындағы Д.А. Қонаев атындағы гуманитарлық университетінің мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының оқытушысы ретінде қызметін жалғастырады. 2003-2008 жылдары Талдықорған қаласында Ө.А. Жолдасбеков атындағы академияның Жария құқық кафедрасының аға оқытушысы, кейін сол кафедраның меңгерушісі болады.
2008 жылдан бастап қазіргі Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті «Құқықтану» кафедрасының аға оқытушысы, доценті. 2018 жылдан бүгінге дейін осы кафедраның меңгерушісі қауымдастырылған профессоры қызметін абыроймен атқарып келе жатыр.
2020-2021 оқу жылында Б.Т. Ауешова университетінің Комплаенс маманы қызметін де қоса атқарды. Оның 150-ге жуық ғылыми мақалалары мен баяндамалары министрлік бекіткен басылымдарда және республикалық, халықаралық ғылыми конференциялар жинақтарында жарияланды. Scopus журналдарында үш мақаласы жарық көрген.
«Құқықтану» мамандығына арналған «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқығы» электрондық оқулығы (2019), «Экологическое право Республики Казахстан» (2019), «Конституционное право Республики Казахстан» (2019), «Заңгердің кәсіптік этикасы» (2021), «Обязательственное право казахов и его значение в современности» (2021), «Құқық қорғау органдары» (2022), «Основы антикоррупционной культуры» (2022), авторларының бірі және бірнеше оқу-әдістемелік құралдардың авторы. 3 ғылыми еңбегіне авторлық куәлік алған.
Б.Т. Ауешованың ғылыми-зерттеу бағыттары – қазіргі құқықтық мемлекеттегі саяси реформаларды зерттеу және қоғамдағы саясатқа байланысты адам және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау.
Б.Т. Ауешова «Академик Ш. Есенов» төсбелгісінің иегері (2021), Маңғыстау облысы әкімдерінің, қала әкімдерінің (2009, 2011, 2013, 2020) алғыс хаттарымен марапатталған.
2019 жылдан бастап Манғыстау облысы бойынша «Дарын» ғылыми-практикалық орталығында «Құқық негіздері» бағыты бойынша өңірдің дарынды білім алушыларымен жұмыс істейді. Оның жетекшілігімен 2019-2021 жылдар аралығында Манғыстау облысы бойынша жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар конкурстарының жеңімпаздары С. Сұлтанмұратова 1-орын, А. Қартжанов 1-орын, Н. Жұмалы 2-орын иеленді. Бұл оқушылардың бәрі жоғарғы оқу орындарының грант иегерлері атанды.
2021 жылы ҚР Халықаралық құқық қорғау орталығында медиаторлар оқу курсынан өтіп, кәсіби медиатор куәлігін және сертификатын алған. Медиаторлар орталығында халыққа тегін медиациялық кеңестер жүргізеді.
Университетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жемқорлықтың алдын алу және қоғамдық сананы жаңғырту бағытында облыстық, республикалық газеттерге мақалалар жариялап, білім мен тәрбие мәселелерін көтеріп келеді.
Б.Т. Ауешова Yessenov University білім алушыларының ғылыми және тәрбие жұмыстарына жетекшілік етеді. Жыл сайын құқықтану мамандығында оқитын студенттердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етіп, сәтті қорғатып келеді.
«Конституиялық құқық», «Мемлекет құқық теориясы», «Әкімшілік құқық», «Еңбек құқығы» пәндерінен студенттерге дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізеді.
Бағдат Тілектесқызы қазіргі заманғы білім беру технологиялары мен әдістерін меңгерген. Оны тәжірибеде тиімді қолданып, жаңа білім беру стандарттарының талаптарына сай келетін құзіреттер мен дағдыларды да толық игерген.
Кәсіби сауатты, жұмысына жауапты және қызметіне шығармашылықпен қарайтын тұлға. Арнайы білімі мен тәжірибесі оған оқытудың жеке бағдарламасына негізделген, білім алушылардың әлеуметтік бейімделуін тиімді жүзеге асыруға бағытталған оқыту жүйесін сапалы түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Б.Т. Ауешова қазіргі заманғы педагогикалық білім беру және тәрбиелеу тұжырымдамаларына еркін бағдарланған, әдістемелік әдебиеттегі жаңалықтарды бақылайды. Ең бастысы, оларды педагогикалық қызметте негіз ретінде пайдаланады. Бұл студенттерді оқыту мен тәрбиелеу міндеттерін сәтті шешуге мүмкіндік береді. Оқу үдерісінде үнемі жаңа әдістемені меңгеріп, инновациялық технологиялар бойынша сабақ жүргізеді.
Ғылым саласындағы интеграцияны тереңдету және білім саласындағы инновациялық жетістіктерді пайдалану мақсатында ҚР Ішкі істер министрлігі Ақтау қаласындағы оқу орталығы үшін тапсырылған ғылыми жобаның жетекшісі. НЦГНТЭ-де «Құқық қорғау және құқықтық саясаттың басқа да басымдықтары ұлттық мүдделерді қорғау контексінде қылмыс пен құқық бұзушылықтың құқықтық және ұйымдастырушылық механизмдері» атты жобасы тіркелген. Бірнеше республикалық ғылыми жобалардың жетекшісі.
Б.Т. Ауешова ҚР БҒМ 2021-2023 жылдарға арналған «Нормативно-правовое регулирование продовольственной безопасности Казахстана: оценка состояния и пути обеспечения» атты ғылыми жобасына жетекшілік етті (ИРН AP09562767).
«Роль информационной IT технологии в активизации антикоррупционного потенциала гражданского общества» тақырыбындағы (2020-2022) және «Современные тенденции роста малого и среднего предпринимательства и его правовое регулирование в процессе развития урбанизации» тақырыбындағы (2021-2023); «Влияния агломерационных экстерналий на развитие инновационного предпринимательств» тақырыбындағы (2022-2024) гранттық қаржыландыру жобаларының мүшесі.
Б.Т. Ауешова өзін-өзі жетілдіру мақсатында біліктілігін үнемі арттырып келеді. Әдістемелік бірлестіктерде белсенді жұмыс жүргізеді. Жыл сайын республикалық, халықаралық курстарға қатысып, сертификаттарын алып келеді.
Сонымен қатар қоғамдық қызметпен белсенді айналысады: университеттің ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі, Ш. Есенов атындағы КТИУ Жаршысы редакциялық кеңесінің мүшесі, Бизнес және құқық факультетінің оқу-әдістемелік бюросының мүшесі, осы факультеттің апелляциялық комитетінің мүшесі, диплом және магистрлік жұмыстарды тексеруге арналған antiplagiat бағдарламасының комиссия мүшесі, Маңғыстау облыстық «Дарын» қосымша білім орталығының «Құқық негіздері» пәні бойынша олимпиада комиссиясының мүшесі, ҚР жоғары оқу орындарының «Құқықтану» мамандығы бойынша студенттер арасында «Конституциялық құндылықтарды түсіну және конституциялық заңның қазіргі заманғы мәселелері» тақырыбындағы эссе конкурс комиссиясының мүшесі, кәсіподақ ұйымының мүшесі.
2020 жылдан бастап Маңғыстау облысындағы соттардың әкімшісі аттестациялық комиссиясы құрамының мүшесі. 2018 жылдан бастап Маңғыстау облысының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің аттестациялық комиссиясының құрамының мүшесі. 2021 жылдан бастап Манғыстау облысы Әділет департаментінің нотариусқа лицензия алуға үміткерлерді аттестаттау комиссия мүшесі. 2022 жылдан бастап Манғыстау облысы Әділет департаментінің жеке сот орындаушыларға лицензия алуға үміткерлерді аттестаттау комиссия мүшесі.
Б.Т. Ауешова – қоғам белсендісі. Ұйымдастырушылық қабілеті зор. Оның педагогтік, ғылыми-әдістемелік әлеуеті жоғары, азаматтық ұстанымы берік. Педагогикалық қызметі барысында өзін тек жақсы жағынан білікті әрі жауапты маман ретінде көрсетіп жүр.
Үздік атанған әріптесімізді жеңісімен құттықтай отырып, алда да тың табыстары мен жетістіктері жалғаса беруін тілейміз!
Серікқали ӘЛІБЕКОВ,
заң ғылымдарының кандидаты,
Yessenov University профессоры.