Футболдан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды қаласында «Junior» балалар футбол лигасы аясында 2011 жылы туған жасөспірімдер арасында футзалдан IV Қазақстан Республикасының чемпионатында Чемпионатында Маңғыстау облысының өрендері топ жарды. Қазақстанның барлық аймағынан 16 команда қатысқан дүбірлі сынға «Ақшұқыр БЖСМ» командасы барған болатын.
Жеребе тарту барысында «Ақшұқыр БЖСМ» командасы «Д» тобында өнер көрсетті. Әуелі «URKER» (Астана), «Достар» (Қарағанды) және «Жақсы» (Ақмола облысы) командаларының арасында жерлестеріміз 6 ұпаймен ширек финалға тікелей жолдама алды.
Жартылай финалға шығатын жауапты ойында «Ақшұқыр БЖСМ» командасы Саран қаласының футзал командасын 1:0 есебімен ұтты. Жартылай финалда маңғыстаулықтар шымкенттік «Арманспен» шеберлік байқасып, негізгі уақытта 2-2 есебімен тең түсті. Пенальти сериясында 3:0 есебімен шымқаланың командасын ұтып, финалдық сынға жолдама алды.
Финалда астаналық «Spartans» командасын 3-1 есебімен жеңген Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының «Ақшұқыр БЖСМ» командасы Қазақстан Республикасының чемпионы атанды.
Қаңтар айының 4-6 күндері аралығында өткен сынға жас өрендерді белгілі жаттықтырушы маман Әділет Асанғалиев бастап барған болатын. Жауапты сында бапкер сенімін ақтап, жанкүйерлер көңілінен шыққан аяқдоп шеберлері осылайша ел біріншілігінде үздік атанып отыр.