Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев 17, 19-шағын аудан тұрғындарымен кездесіп, «Жайлы мектеп» жобасы аясында білім ордаларының құрылысы тәулік бойы жүргізілетінін айтты. Тұрғындар мектеп құрылысының жеделдетілуін қолдап отыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
17-шағын аудандағы 900 орындық, 33 және 19-шағын аудандағы 1200 орындық, «Рауан» тұрғын үй массивіндегі 300 орындық мектептің құрылысын жеделдету мақсатында қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істейді. Қала әкімі тұрғындардан келтірілген қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрайды.
- Президент тапсырмасына сәйкес Ақтау қаласында «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы аясында 10 600 орындық 8 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның ішіндегі 4 мектептің құрылысын қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қаладағы үш ауысымды мектеп мәселесін шешу мақсатында 17, 19, 33 шағын аудан және «Рауан» тұрғын үй массивіндегі мектеп құрылысын жеделдетуіміз қажет. Сондықтан аталған шағын аудандардағы мектеп құрылысы тәулік бойы жүргізіледі. Басқа тұрғындар тарапынан түн тыныштығының бұзылуына байланысты арыздар келіп түсуде. Бұл құрылыс жұмыстарына кедергі келтіреді. Сондықтан тұрғындардан келтірілген қолайсыздықтарға түсіністікпен қарап, мектеп құрылысының жеделдетілуін қолдауды сұраймын, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тінәлиев.
-
Тұрғындар мектеп құрылысының тезірек аяқталғаны дұрыс екенін айтты.
- Бізге мектеп құрылысының тезірек аяқталғаны керек. Себебі балаларымыз үйдің қасындағы мектепте оқығанын қалаймыз. Құрылыс жұмыстары күні-түні жұмыс істесе бізге жақсы. Біз мұны қолдаймыз, - деді 17 және 19-шағын аудан тұрғындары.