Мемлекет басшысы әкімдер биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі екенін айта келе, сайлауды дұрыс ұйымдастырудың маңыздылығын ескерткен болатын. Сондай-ақ Президент әкімдердің қызметіне қарап жұрт бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайтынын, сондықтан сайлау тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болуы тиіс екенін атап көрсетті. Естеріңізге сала кетейік, биыл алғаш рет Бейнеуде аудан әкімін халық өзі сайлады. Осы орайда біз өңірде осыған дейін сайланған ауыл әкімдері мен олардың жұмысын баян етуді жөн көрдік.
Маңғыстау облысында 46 ауыл мен округ бар. Әзірге тек Дәулет округі мен Онды ауылы әкімі туралы ақпарат ұсынамыз.
Жанболат Жақаев Мұнайлы ауданы, Дәулет ауылдық округінің әкімі лауазымын осы жылдың қаңтар айынан бастап атқарып келеді. 1996 жылы дүниеге келген. Негізгі мамандығы – заңгер.
-Биыл ауылда қандай жұмыстар атқарылды дегенге келер болсақ, жаңадан балалар ойын алаңы салынып, қазан айында қолданысқа берілді. 2 аялдама салынды. Ауылға кіреберістегі стелла жаңартылды. Қазіргі таңда 3 шақырым жолға асфальт төселді. Осы айда 4 шақырым жолды асфальттау жоспарлануда. Мердігер мекемеге жұмыстарды сапалы орындауға тиісті тапсырмалар беріліп, бақылауға алынды. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында, Дәулет ауылдық округіндегі түнгі жарық шамдарын Led жарық шамдарына ауыстыру жұмыстары жүргізілді, қазіргі таңда аталған жұмыстар жалғасын табуда, жыл соңына дейін ауылдық округ 100 % көше жарық шамдарымен қамтамасыз етіледі, - дейді Жанболат Жақаев.
Ал Маңғыстау ауданы, Онды ауылының әкімі Қуаныш Жәнібекұлы 1995 жылы осы ауылда өмірге келген. 2013 жылы Әбіш Кекілбайұлы атындағы Онды орта мектебін бітіріп, 2017 жылы Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-інің «мемлекеттік және жерілікті басқару» мамандығы бойынша білім алады. 2021 жылдың шілде айынан бастап, қазіргі уақытқа дейін Онды ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 2021 жылы Республика бойынша сайланған ең жас әкім болды.
-2021 жылы Онды ауылы «Қазақстанның үздік 30 ауылы» қатарына кірсе, биыл да облыс халқының әлеуметтік желі арқылы дауыс беруімен Маңғыстау облысының үздік ауылы болды. Бұл азғантай, мыңға жетпейтін халқы бар кішкене ауыл үшін аз жетістік емес. 2023 жылы Онды ауылы Республикалық «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына кірді. Жыл басынан бері ауыл аналарының бастамасымен ауылдың азық-түлік дүкендерінде арақ-шарап сатылмайды, соңғы 3 жылда ешбір қылмыс тіркелмеген, сол себепті басқа ауылдарға үлгі ретінде ауылымыз Ішкі Істер министрінің алғыс хатымен марапатталды. Қазіргі уақытта Онды ауылының жанынан бау-бақшаға 100 га жерді қоршап, 100 метр су скважинасын қазып жатырмыз. Түркістан облысынан инвесторлар шақырдық. 100 га жерге 100 мың түп ағаш отырғызылмақ, - дейді Қуаныш Жәнібекұлы.