Жаңаөзендегі «Мұнайшы» мәдениет үйінде жаңа жыл мерекесіне орай қала әкімінің шыршасы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан 250 бала қатысты. Жаңа жылдық шырша рәсімінде қала әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов, білім бөлімінің басшысы Осербай Табыншаев, қалалық білім беру ұйымдарының басшылары қатысты. Мереке аясында қала әкімінің орынбасары балаларды жаңа жылмен құттықтап, тәтті сыйлықпен бірге 100 мың теңгелік сертификатты табыстады.
- Сіздерді ертегілер әлеміне еліктірер шаттық шадыманға толы ең ғажайып мерекелердің бірі жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге және ата-аналарыңызға осындай керемет мерекеде бейбітшілік пен жақсылық, денсаулық, ұстаздарыңыз бен жетекшілеріңізге үлкен шыдамдылық пен даналық тілеймін! Бұл шырша әрқайсыңыз үшін жарқын және ұмытылмас мереке болсын. Ендеше келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын. Балалық шақтарың базарлы, өмірлерің ажарлы болсын, - деді Жаңабай Аймағанбетов.
Мерекелік шарада дәстүрлі хореографиялық қойылымдар мен театрланған кейіпкерлер қатысып, шырша көркін қыздырды.