Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында алғаш рет асыл тұқымды ешкілер көрмесі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Көрмеде ешкілердің сүттілігі, сүтінің майлылығы, ешкілердің экстерьері (сыртқы келбеті) бойынша бағаланды.
Көрмеде өңірдің әр аумағынан алып келген 100-ге жуық асыл тұқымды ешкі көрсетілді.
Аталған шараға аудан әкімі Рахат Елтизаров, ауыл ардагерлері мен тұрғындары қатысты.
- Бүгінгі ұйымдастырылып отырған асыл тұқымды ешкілер көрмесі үлкен маңызға ие. Аталған іс-шара ауданымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр, жалғасын табады деп сенемін. Барша ұйымдастастырушыларға өз алғысымды білдіремін, - деді Р. Елтизаров.
Сонымен бірге ардагер Тәжімағанбет Кезбаев құттықтау сөз сөйлеп, ақ батасын берді.
Бүгінде Түпқараған ауданында тіркелген ешкі саны 27 500-ден асады. Асыл тұқымды ешкілер - заненский 80, альпийски - 50, нубиский - 30.
Көрме барысында ешкілердің күтімі, ешкілерді асылдандыру арқылы өнімділігін арттыру туралы сөз болды.