Ақтауда швейцариялық «Swiss Choice Holding SA» компаниясының басшылығымен кездесу өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz. облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев, Rey Group президенті Кристиан Рей де Руддер, Swiss Choice SAND бас атқарушы директоры Хавьер Рей қатысты.
Кездесу барысында тараптар Маңғыстау облысында балық өсіру саласындағы инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысын талқылады.
Swiss Choice Holding SA жалпы қуаттылығы жылына 350 тонна және бекіре мен уылдырығы 80 тонна болатын 3 балық өсіру кешенін салуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі 10 миллион АҚШ долларын құрайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балық шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп, балық өсіретін және өңдейтін кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасау керектігін атап өткен болатын.
Сондай-ақ шабақ өсіретін жаңа жоғары технологиялық зауыттар салу үшін инвестиция тарту да маңызды екені белгілі.
Аймақ басшысы өз сөзінде өңір инвесторлардың барлық бастамаларын қолданыстағы заңнама аясында қолдауға әрқашан дайын екенін атап өтті.
- Біз сізді Қазақстанда көргенімізге қуаныштымыз және Қазақстанда, атап айтқанда Маңғыстау облысында балық шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытқаныңыз үшін алғыс білдіргіміз келеді. Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту үшін су ресурстары жеткілікті. Қолда бар әлеуетті ескере отырып, сондай-ақ швейцариялық тараптың акваөсіру саласындағы тәжірибесін ескере отырып, біз осы бағытта инвестиция тартуға және тәжірибе алмасуға үміттіміз. Бұл саланың дамуы қосымша өнім көлемін арттырумен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, - деді Нұрлан Ноғаев.