Маңғыстау облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Өрмелеп шығып, күн болам» атты жас ақындар мүшайрасы өтеді. Мүшәйраға қатысу үшін ақындардан 31 қарашаға дейін өтінім қабылданады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мүшәйраға 16-35 жас аралығындағы ақындар қатыса алады. Байқау 2 бөлімнен тұрады. Әр ақын туған ел, тәуелсіздік және еркін тақырып бойынша өлең ұсынады. Іріктеуден кейін жас ақындарға кез келген тақырып беріледі. Сол сәтте 3-4 шумақ өлең шығаруы тиіс. Жеңімпаздар анықталғанша жас ақындарға арнайы шеберлік сағаты өткізіледі.
«Ұсынылатын өлеңдер 14 өлшеммен жазылғанда 2 беттен аспауы шарт. Шарт бұзылған жағдайда өлең жарыстан шеттетіледі. Сонымен қатар бұрын еш жерде жарияланбаған, жаңа өлең ұсынылуы тиіс. Мүшәйраға кеп түскен өлеңдердің авторы көрсетілмей, қазылар алқасына ұсынылады. Өлеңдер іріктелген соң, ұйымдастырушылар ақынды шақырады», - дейді Маңғыстау облысы жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, мүшәйрада І орын алған жеңімпаз 100 000 теңге, ІІ орынға ие болған жас 80 000 теңге, ІІІ орынды иеленген ақын 50 000 теңге ақшалай жүлде және сыйлықпен марапатталады.
Мүшәйраға қатысты туындаған барлық сұраққа 87764787229 нөмері арқылы білуге болады. Өлеңдер 14 өлшемді әріппен теріліп, автор туралы мәліметтермен бірге Aliya.rezh@mail.ru поштасына жолдануы керек.