Соңғы екі айда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев 31 ауылда, Ақтау және Жаңаөзен қалаларында халықпен кездесу өткізді. Кездесуге үш мыңнан астам адам қатысты. 31 қаңтар мен 16 наурыз аралығында аймақ басшысы 386 адамды жеке қабылдады, 600-ден астам сұрақ түскен, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне.
Облыс әкімінің тұрғындармен өткен кездесулері сауалдарын тікелей қоя алатын диалог алаңына айналды. Осылайша, тұрғындарды толғандыратын түйткілді мәселелерді талдауға мүмкіндік туды.
Жиын барысында облыс тұрғындарын азық-түлік бағасының қымбаттауын алдын алу, экологиялық мәселелер, ауылдарды абаттандыру, әлеуметтік маңызы бар нысандар салу, жол жөндеу жұмыстары толғандырды. Ал қалалар мен елді мекендердің тұрғындарын су тапшылығы алаңдатты.
Нұрлан Ноғаев халықпен кездесуін қорытындылап, тұрғындардың мәселелерін шешу бойынша жоспар құрылып, бекітілгенін, оған 527 пункт енгізілгенін атап өтті.
– Барлық ескерту мен өтініштер қаралып, мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру, анықталған мәселелерді шешу шаралары қабылданатын болады. Өздеріңіз білетіндей, тұрғындармен кездесулер тікелей эфирде көрсетілді, әркім өз сауалын қоюға мүмкіндік алды. Олар жергілікті атқарушы орган өкілдері мен тұрғындар арасындағы байланыстың нашарлығына жиі шағымданды. Осыған орай, басқарма басшыларымен қатар әкімдерді де жүктелген міндеттерді өз деңгейінде орындауға шақырамын. Сондай-ақ кейбір мәселелерді шешу уақытты, басқа мемлекеттік органдардың көмегін қажет ететінін атап өткен жөн. Бірақ өтініштердің ешқайсысы назардан тыс қалмауы керек. Қоғам бізден нақты істер күтеді. Халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Ең бірінші кезекте тұрған мәселе – облыстың елді мекендерін ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету. Қазіргі таңда су тапшылығының орнын толтыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Тағы бір маңызды мәселе – халықты жұмыспен қамту. Осы ретте біз бар жұмыс орындарын сақтап қалуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Шағын және орта бизнесті қолдау бойынша жұмыстарды қолға алу керек, өйткені облыс тұрғындарының барлығын мұнай-газ саласында жұмыспен қамту мүмкін емес. Сондықтан барлық деңгейдегі басқарма басшыларына өз мүмкіндіктеріне қарай орта және шағын бизнесті дамытуда кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырамын. Мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан құқықтық, қаржылық және әкімшілік қолдау бойынша ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу қажет, - деді Нұрлан Ноғаев.