ҚР Парламенті Мәжілісінің Respublica партиясынан сайланған депутаты Айтуар Қошмамбетов Маңғыстау индустриалды парк қатысушыларымен кездесіп, кәсіпкерлерді алаңдатқан түйткілді мәселелерді талқылады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, қазір Мәжіліс депутаттары өңірлердегі өндірістік нысандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесіп, ұсыныстары мен мәселелерін тыңдауда.
«Мен өзім бүгін 7 өңір, Маңғыстау облысына келдім. Келудегі мақсатым — Ақтау қаласындағы және осы аймақтағы бірнеше кәсіптік нысандарды аралап, кәсіпкерлермен жолығып, мәселелерін талқылау. Кәсіпкерлердің көптеген сұрақтарына жауап беруге тырысып, тыңдап, алдымызда келе жатқан Мәжіліс депутаттарының 3-інші сессиясында олардың ұсыныстарын ортаға саламыз», - деді Айтуар Қошмамбетов.
Оның айтуынша, қазір талқыланып жатқан маңызды мәселенің бірі — салық кодексі.
«Сондықтан бүгінгі таңда кәсіпкерлердің де пікірін тыңдаудамыз. Кімге қалай? Не үшін береміз? Қанша пайыз мөлшері Қазақстандық болуы керек? Міне, осындай маңызды сұрақтар бар. Одан басқа оларға түрлі преференциялар, кредиттер, гранттар берілуі мүмкін. Біз үшін қазақстандық кәсіпкерлердің статусы өте маңызды. Ақтаудың жеке мәселелерін айтар болсақ, өндірістік мекемелер көп екен. Қазір «Маңғыстау» индустриалды паркінде жүрміз. Біз бұл парктің дамуына қандай өз үлесімізды қоса алатынымызды сұрап жатырмыз. Бүкіл айлықтан түсетін салықты жинап, 20 пайыз қылып бір төлеммен төлейтіндей қылып істеу кәсіпкерлерге өте оңай болушы еді», - дейді ол.
Мәжілісмен Айтуар Қошмамбетов салықты жеңілдету деген тек қана салықты төмендетуде ғана емес, оның төлеудің процедурасын оңтайландыру екенін айтты.
Кездесуде мұнай компанияларының құрал-жабдықтарына жинақтаушы бұйымдарды шығаратын кәсіпорындар сатып алу кезінде болатын демпинг мәселесін көтерді. Индустриалды аймаққа қатысушылардың пікірінше, жергілікті тауар өндірушілерге жағдай жасау керек.
Айта кетейік, 1976-1980 жылдары салынған полистирол өндіретін зауыт негізінде құрылған «Маңғыстау» индустриалды паркі Ақтау қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде индустриялық аймақтың 140 гектары жергілікті тауар өндірушілерге берілген. Өнеркәсіптік кәсіпорындарды, кеңселік, өндірістік және қоймалық ғимараттар, мұнай өнімдерін сақтайтын қойма, Түркіменстанмен, Иранмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Атырау және Ақтөбе облыстарымен теміржол байланысын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті энергетикалық ресурстар мен инженерлік желілер бар.