Ақтау қалалық әкімдігінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша қалалық штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған штаб Ақтау қаласы әкімінің 28.11.2023 жылғы №41 өкімімен құрылған. Жиында штабтың жұмыс жасау алгоритмі анықталып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері талқыланды.
-Ресми деректерге сәйкес биылғы жылдың 1 қарашасында Маңғыстау облысы бойынша сақтандырылған халықты қамту деңгейі 669 355 адамды немесе облыс халқының жалпы санының 85,6% құрады. Алдынғы аймен салыстырғанда сақтандыру деңгейінің 1,4%-ға төмендеуі байқалады. Әрбір тұрғынға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың маңыздылығын түсіндіру қажет. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын жүргізумен қатар ақпараттық графикалар мен видеоларды да жасау керек. Тұрғындарға МӘМС жүйесі туралы нақты ақпарат берілуін қамтамасыз ету қажет, - деді қала әкімінің орынбасары Нұртас Сали.
Жиында Маңғыстау облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры(ӘМСҚ) КЕАҚ филиалының директоры Елдеш Қосмағанбетов өңір бойынша МӘМС жүйесіне сақтандырылмағандарды тарту жөніндегі шаралар бойынша талдамалық ақпарат айтты.
-Маңғыстау облысының сақтандырылмаған халқының 2023 жылғы қазан айындағы үлесі туралы ақпарат бойынша сақтандырылмаған халықтың көп бөлігін соңғы 12 айда төлемдері жоқ облыс азаматтары құрайды. Сонымен қатар жұмыс берушіден уақытылы МӘМС-ке аударымдар жасалмағандықтан, 32 мыңнан астам қызметкер әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып қойған. Сондықтан қалалар мен аудандардың әкімдіктері, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы МӘМС жүйесінде қатысушыларға, сақтандырылмаған тұлғаларға талдау жүргізіп, жобалық кеңсеге апта сайын ақпарат ұсынуы қажет, - деді Маңғыстау облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры(ӘМСҚ) КЕАҚ филиалының директоры Елдеш Қосмағанбетов.