Маңғыстау облыстық стоматологиясында тегін емдеу қызметі арнайы санаттар бойынша жүзеге асады. Емханада міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде тізімге енген әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға жеңілдік қарастырылған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық стоматологиялық орталығының директоры Қуат Машырықов мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Спикердің айтуынша, емханада міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде балаларға, жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге жеңілдік қарастырылған. Мамандандырылған стоматологиялық көмектің барлық түрлерін көрсету міндеті көзделген бюджет бар.
- Маңғыстау облысындағы стоматологиялық қызметтердің барлық түрлерін, соның ішінде тегін стоматологиялық медициналық көмек арнайы қадағаланған. Сонымен қатар біздің орталық – МӘМС көрсетуге лицензиясы бар мемлекеттік жалғыз стоматологиялық емхана. ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес 2020 жылғы 24 қыркүйек қабылданған заңнама бар. Шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмекке мұқтаж халықтың жекелеген санаттарының тізбесі бар. Мысалы: терапевтік, хирургиялық көмек және жедел ауырсыну жағдайлары. «Ұлы Отан» соғысына қатысушылар, жүкті әйелдер, мүгедектерге және аз қамтылған отбасы балалары сынды тізбектегі топтарға арнайы шаралар қолданылып, тиісті жеңілдік түрлері қарастырылады,- дейді Қуат Машырықов.
Сонымен қатар қазіргі уақытта емханаға көмекке жүгінген барлық науқастардың қабылдау саны артты. Осыған байланысты демалыс күндері қабылдау талондарын алу кезегі туралы үнемі наразылық пен шағымдар туындайды. Дегенмен емхана дәрігерлері тұрғындарды уақытқа қарамай қабылдауға дайын.
Сұрақтар туындаған жағдайда 8 708 430 84 41 номірі бойынша хабарласыңыз.