ҚР ІІМ Интерпол ҰҚО-ның сұрау салуы бойынша Түркия Республикасының аумағында Маңғыстау облысының полиция департаменті тұтқындау және экстрадициялау мақсатында халықаралық іздестіруге жариялаған 32 жастағы қазақстандық анықталып, ұсталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ол облыс тұрғындарын қаржы пирамидасына тартқаны үшін іздестірілді. Сондай-ақ күдікті "Oceans Enterprise” компаниясының атынан әрекет ететін алаяқтық топтың ұйымдастырушыларының бірі болған.
Алаяқтар әлеуметтік желілерде салымшыларды тарту үшін Smart Trade Сoin деп аталатын криптовалютаны сатып алу арқылы жылдам ақша табу мүмкіндігі туралы ақпаратты таратумен айналысып келген. Сотқа дейінгі тергеу барысында 60-тан астам жәбірленушіден өтініш түсті. Алданған азаматтарға келтірілген шығын көлемі – 212 млн теңге. Қазақстанның Түркиядағы елшілігімен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, ол Астана қаласында жеткізіліп, қамауға алынды.